Киевте Зеленский мен Трамптың өкілі кездесті

Владимир Зеленский (сол жақта) және Кит Келлог, Киев, 20 ақпан 2025 жыл

Дональд Трамптың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог 20 ақпанда Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Кездесу қорытындысы бойынша жоспарланған баспасөз жиыны Америка жағының өтінішіне орай өтпей қалды. Бұл жөнінде Reuters және өзге де халықаралық басылымдар жазды.

"Америка дауысы" сайтының хабарлауынша, Келлог Киевке сапардың басты мақсаты "украин жағын тыңдау" деп атап өткен.

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Украина жағын АҚШ-қа бағытталған сынды жұмсартып, пайдалы қазбаны тасымалдау бойынша Ақ үй ұсынған келісімді мақұлдауға үндеді.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бейсенбі күні соғыс аяқталар уақыт жақын деп мәлімдеді. Ол дегенмен соғысты Ресеймен келіссөз жүргізбей тоқтата алмайсың деді.

Зеленскийдің сөзінше, Келлогпен кездесу барысында соғыстағы ахуал, украин тұтқындарын қайтару және Украина қауіпсіздігіне кепілдік берудің халықаралық тиімді тетігін табу мәселелері талқыланған.

"Европейская правда" басылымының жазуынша, Зеленский Трамптың арнайы уәкіліне Киев "инвестиция және қауіпсіздік бойынша АҚШ президентімен қуатты әрі пайдалы келісімге" келуге дайын екенін растаған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Трамп әкімшілігі Украинаға елдегі сирек металл өндірісі меншігінің 50 пайызын АҚШ-қа беруді ұсынған. Алайда Зеленский құжатқа қол қоюдан бас тартқан.

Америкалық AXIOS жаңалықтар сайтының жазуынша, Зеленскийдің ұсыныстан бас тартуы Трампты ашуландырған және осыдан кейін Трамп әкімшілігі Украинаға біршама "жетілдірілген" жоба ұсынған. Axios жағдайдан хабары бар америкалық, украиналық үш дереккөзге сүйенеді.

"Соңғы жобада едәуір тәуір шарттар бар және ол Украина заңнамасына сәйкес" деді дереккөздердің бірі.

Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Майк Уолц бейсенбі күні журналистерге Зеленский пайдалы қазба мәселелері бойынша "келіссөз үстеліне оралуы керек" деді.