Ұлытау облысының прокуратурасы өңірдегі басты су реттеуші Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Прокуратураның хабарлауынша, 1952 жылы салынған су қоймасы (319 млн текшеметр су) мен оның гидротехникалық жабдықтары стратегиялық нысан болғандықтан мемлекет меншігінде болуы керек.
"Кезінде олар Kazakhmys Distribution жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансына өткен. Оларды қайтару үшін облыс прокуратурасы су шаруашылығы министрінің атына ұсыныс енгізген. Прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында сыйға тарту шарты жасалып, нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылды" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Прокуратураның хабарлауынша, енді нысанды жаңалау үшін су қоймасы мен оның гидротехникалық жабдықтарының ахуалын жан-жақты тексеру керек.
Kompra.kz мәліметінше, Kazakhmys Distribution компаниясының құрылтайшысы Голландияда тіркелген KCC B.V фирмасы. ҚазТАГ-тың жазуынша, ол Владимир Ким мен Эдуард Огайға қарайды.
Миллиардер Владимир Ким Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың бірі. Forbes Kazakhstan тізімінде ол төртінші орында тұр және журнал оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалайды. 2024 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша, Эдуард Огай Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына енген. Forbes мәліметінше, оның байлығы 800 млн доллар және рейтингте ол 13 орында тұр.