Абай Қайырбеков ішкі істер министрінің орынбасары және қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жұма күні тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Қайырбековке дейін комитетті басқарған Теңізжан Жәнібеков биыл қаңтарда қызметінен босатылған. ІІМ ақпаратынша, ол өз еркімен қызметінен кеткен. Ол комитетке шамамен бір жыл жетекшілік етті.
Бұған дейін ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары болған Абай Қайырбеков қаңтарда ҚАЖК төрағасы міндетін атқарушы болып тағайындалған. Бүгін ол осы қызметке ресми түрде бекітілді.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облыстық соты ҚАЖК-ның СҚО бойынша департаментінің бастығы Әділет Мұстафинге 1 млн теңге көлемінде пара алу ісі бойынша үкім шығарғаннан кейін Теңізжан Жәнібековке сөгіс берілген еді. Ал Мустафиннің өзіне сот 30 млн теңге айыппұл салып, өмір бойы мемлекеттік қызмет істеу құқығынан айырған.
Жұма күні Қанат Шарлапаев өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер жөніндегі көмекші етіп тағайындалғаны белгілі болды.
Шарлапаев өнеркәсіп және құрылыс министрлігін 2023 жылғы кыркүйектен бері басқарған. Оған дейін "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы болған.
Шарлапаев өнеркәсіп министрлігін басқарып тұрған кезде утилизация алымы мәселесі жиі көтерілді.
Осыған дейін белсенділер жеңіл көліктерге салынатын утилизация алымы мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын жарнаны алып тастау және көліктерді бастапқы тіркеу жарнасын төмендету туралы петицияға қол жинаған. Оған 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін құжат былтыр мамырда үкімет қарауына берілген. Екі айдан соң министрлік петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты.
Шарлапаевтың орнын Ерсайын Нағаспаев басты. Оны өнеркәсіп және құрылыс министрі етіп тағайындау туралы жарлық жұма күні күндіз Ақорда сайтында жарияланды.
44 жастағы Ерсайын Нағаспаев 2022 жылдың қаңтарынан бері "Қазақстан теміржол" ұлттық компаниясының жаңа жобалар бойынша басқармасының төрағасы міндетін атқарушы болған. Әр жылдары "Астана" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының басшысы болған, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
28 ақпанда Әсет Ерғалиев стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалғаны белгілі болды. Бұған дейін агенттікті Жандос Шаймарданов басқарған.