Францияның солтүстік-шығысындағы Мюлуз қаласында 22 ақпан күндіз шабуыл салдарынан бір адам қаза болып, екі полицей ауыр жарақат алған. Тағы үш полицей жеңіл жарақаттанды деп жазды AFP.
Күдікті қамауға алынған. Тергеу болжамынша, 37 жастағы ер адам терроризм бойынша күдіктілер тізімінде болған. Бірқатар дереккөзге сүйенсек, ол Алжирде туылған. Осыған дейін оны үйқамаққа жіберіп, Франциядан шығару туралы шешім болған.
Ақпаратқа қарағанда, шабуылдаушы "Аллаху Әкбар" деп айқайлап, бастапқыда муниципалды полиция қызметкеріне тап берген. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам полицейге көмектеспек болып жүгіріп келген кезде күдіктінің қолынан ауыр жарақаттанып, сол жерде жан тапсырған. Ол Португалия азаматы болып шыққан.
Франция президенті Эммануэль Макрон оқиғаны "діни теракт" деп атап, бұған шүбә болмасын деді.
Оқиға қаланың жұрт көп жүретін аумағында – Конго демократиялық республикасын қолдау демонстрациясы кезінде болған. Полиция осы акцияға байланысты айналаны бақылаған.