Алматы соты 28 ақпанда кешке Feminita белсендісі Жанар Секербаеваны "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен (488-бап, 7-бөлік) кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамады. Бұл жөнінде "Власть" жазды. Белсенді 2024 жылы 13 мамыр күнгі шеру үшін жауапқа тартылған.
Ол кезде Feminita белсенділері "әйелін қатігездікпен өлтірді" деп 24 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа өмірлік жаза талап етіп, шеру өткізген.
Сол кезде Алматының әкімшілік соты Feminita белсенділері Гүлбақыт Өтебай мен Гүлзада Сержанды "рұқсатсыз жиын ұйымдастырды" деп айыптап, екеуіне де 184 мың теңгеден (50 АЕК) айыппұл салған еді.
Секербаеваның адвокаты Ғалым Нұрпейісов жұма күні сотта бұл шеру үшін былтыр Гүлзада Сержан жауапқа тартылғанын, енді не үшін Жанар Секербаеваны соттап жатқанын сұрады.
Полиция қызметкерінің айтуынша, аталған азамат "әкімдікті, полиция қызметкерлерін ескертпей, қоғамдық тәртіпті бұзған, егер бірдеңе болса, біз білмейміз".
Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов "бізде болашақ әрекет үшін жазаламайды, бізде жаза қазіргі кез немесе өткен заңбұзушылықты қарастырады" деген.
Ал Жанар Секербаева өзін жыныстық ориентациясы үшін өзін қудалап отырғанын айтты.
"Сегіз сағат бойы Салтанатты (Нүкенованы) қалай өлтіргенін есіме алдым. Ешкім де оны құтқармаған. Мен шеру ұйымдастырған жоқпын, осы қасіретті жеткізгісі келетін әпкелерге қосылдым. Елде фемицид жүріп жатыр" деді Секербаева.
Бұған дейін сот Feminita белсенділері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанды "тіркелмеген ұйымға жетекшілік еткені үшін" әрқайсысына 393 мың теңгеден айыппұл салған. 28 ақпанда апелляциялық сот Гүлзада Сержанның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
13-14 ақпанда "Қазақстандық ата-аналар одағы" ұйымының бұрынғы төрайымы Бағила Балтабаева Feminita ұйымдастырған шараға полиция шақырып, шараны өткізуге кедергі келтірген. Осыдан кейін Feminita ұйымының өкілдері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ертесінде Feminita-ның шараларына өзге де белсенділер кедергі келтірген. Ізінше Сержан мен Секербаеваға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік ету" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.
Ал Feminita-ның шарасына кедергі келтіргендерді жауапқа тартылғаны-тартылмағаны жөнінде ақпарат жоқ.
Feminita өкілдері Алматы қалалық әділет департаментіне аталған ұйымды тіркеу туралы талай рет өтініш бергенмен өтініштері орындалмаған. Феминистік топ сот арқылы департаменттің әрекеттің даулауға тырысқан, алайда сот ешқандай заңбұзушылық таппаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің Feminita-ны тіркемей отырғандығын сынаған.