Еуропа елдерінде Ресейдің Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанына үш жыл толуына орай демонстрациялар өтті. Оған қатысқандар Ресей агрессиясына қарсы күресіп жатқан Украинаға қолдау білдірді.
23 ақпанда Брюссельде бейбіт демонстрация өтті деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Олена Абрамович. Бірнеше мың демонстрант Украинаның әнұранын шырқап, "Ресей жауап беруі керек!", "Жасасын Украина!", "Еуропаға – бейбітшілік, Украинаға – жеңіс!" деп ұрандатты.
Демонстрация кезінде әуе дабылын қосты, Украина тұрғындары сирена дауысын Ресей шабуыл жасаған сайын естиді.
23 ақпанда Чехия астанасы Прага қаласында да Украинаны қолдау шеруі өтті. Мыңдаған адам қала орталығындағы алаңға жиналды. Чехия президенті Петр Павел де жиналғандар алдында сөз сөйледі, ол Ресей Украина жеріне басып кіріп, агрессорға айналды және халықаралық құқықты бұзды деп мәлімдеді.
Кейінгі бірнеше күнде Киевті қолдау акциясы әлемнің жүздеген қаласында өтті.
Your browser doesn’t support HTML5
Трампты Путин мақтап, Еуропа лидерлері cөкті