Еуроодақ та Украинаға минералды ресурстар туралы келісім ұсынды

Еуропа комиссиясының мүшесі Стефан Сежурне.

АҚШ-тан кейін Еуроодақ та Украинаға "маңызды" минералдар өндіруге байланысты әріптестік туралы келісім жасауды ұсынды. Бұл туралы 24 ақпанда өнеркәсіп стратегиясына жауапты Еуропа комиссиясының мүшесі Стефан Сежурне мәлімдеді.

Еурокомиссия мүшесінің айтуынша, Еуроодақ Украинаға тиімді болатын серіктестік ұсынып отыр. "Біз ешқашан екі тарапқа да тиімді болмайтын келісімді талап етпейміз", – деді Сежурне. Оның сөзінше, Украина Еуроодақтың өнеркәсібі үшін маңызды 30 минералдың 21-ін бере алады.

Еуроодақ ұсынысы туралы толық мәлімет әзірге жоқ, Украина өкілдері оған қатысты әлі пікір білдірмеді. France Presse агенттігінің жазуынша, бұл ұсыныс Украина мен АҚШ арасындағы табиғи ресурстарды бірге игеру туралы келіссөз аясында болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, АҚШ Украинаға 500 миллиард долларлық қор құруды ұсынған, оған Украинада өндірілген сирек кездесетін металдар мен табиғи ресурстарды сатудан түскен кіріс жиналады, ал қор АҚШ-тың бақылауында болады делінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп жақында Зеленскиймен кездесуі мүмкін екенін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский ұсыныстың бұл нұсқасына қол қоюға келіспеді, мұнысы АҚШ президенті Дональд Трамптың наразылығын туғызды. Келіссөз жалғасты. 24 ақпанда Трамп осы немесе алдағы аптада Зеленскиймен Ақ үйде пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қою үшін кездесуі мүмкін екенін айтты. Ол АҚШ пен Украина "тоқетер келісімге келуге өте жақын қалды" деді. Келісімшарт қол қоюға дайын екені туралы ресми хабарланған жоқ. Украина келісімде Ресейден төнетін қауіпке қарсы қауіпсіздік кепілі болуы керек деді.

Трамп бұл келісім АҚШ-тың Украинаға кейінгі жылдары көрсеткен көмегіне өтемақы деп санайды. Зеленский келісім шартын әділетсіз деп атап, Вашингтонның бұған дейін Украинаға берген ақысыз көмегін қарыз деп танудан бас тартқан.

Ресей президенті Владимир Путин де Мәскеу АҚШ-пен сирек кездесетін металдарды өндіруде әріптес болуға дайын деп айтты. Оның мәлімдемесіне әлі реакция болған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский: Киев табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюға дайын емес