Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай Еуроодақ елдерінің сыртқы саясат мекемелері басшылары Брюссельдегі кездесуде Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады. Бұл туралы дипломаттарға сүйеніп, халықаралық агенттіктер хабарлады. Санкция тізімі ресми түрде 24 ақпан кешке жарияланбақ.
Өткен аптада Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдаған. Ақпаратқа қарағанда, Венгрия бірқатар адам мен ұсынылған шараны тізімнен алып тастауға қол жеткізіп, санкция пакетін бұғаттамаған.
Халықаралық ақпарат агенттіктері бұған дейін жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады, бұдан бөлек, Ресейдің мұнай экспортына шектеу күшейеді деп хабарлаған.
Бұған қоса, Ресейдің "тасадағы флоты" деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылған. "Қара тізімге" 13 банк қосылмақшы, оларды SWIFT-тен ажыратады.
Еуроодақ Ресейге ойын консолдерін экспорттауға тыйым салмақ, оларды майданда дрон басқаруға пайдалануы мүмкін деп айтылды.
Бұған дейін ТАСС, "Лента.ру" және басқа да бірқатар мемлекеттік немесе Кремльді қолдайтын бұқаралық ақпарат құралы, соның ішінде Ресей қорғаныс министрлігінің "Звезда" телеарнасы, Қырым аннекcияланғаннан кейін сонда істейтін кремльшіл NewsFront сайты, бұдан бөлек, EADaily порталы санкцияға ілігеді деп хабарланған. AFP мәліметінше, ресейлік 8 бұқаралық ақпарат құралына санкция салынады. Еуроодақ мұны Украинадағы соғыс кезінде одақтың ақпарат қауіпсіздігіне қатер төндіретін Ресей пропагандасымен күрес деп түсіндірді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады, арасында Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия мен Өзбекстандағы компаниялар бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕО қазақстандық тағы екі компанияға санкция салмақ24 ақпанда Австралия мен Жаңа Зеландия Мәскеу мен оның одақтастарына жаңа санкциялар салды.
Ұлыбритания да жаңа санкция пакетін жариялайды деп отыр. Ақпаратқа қарағанда, Лондон жоғары лауазымды шенеуніктерге де, ірі ресейлік кәсіпкерлерге де санкция салмақ.
"Бұл шара Ресей халқының есебінен байыған, заңсыз және негізсіз соғысты қаржыландырған олигархтар алдындағы есіктерді жабады", – деді Ұлыбританияның сыртқы саясат департаментінің басшысы Дэвид Лэмми. Ұлыбританияның жаңа санкциясына нақты кім ілігетіні әлі хабарланған жоқ.
АҚШ та бұған дейін Ресейдің басқыншылық соғысына байланысты санкциялар жариялаған. Дональд Трамп әкімшілігі тезірек бейбітшілік орнатуға баса назар аударып отыр, олар Ресейге қатысты риториканы айтарлықтай өзгертті, оның ішінде Ресейді агрессия жасады деген айыптаудан бас тартты. АҚШ жаңа санкция пакетін дайындап жатқанын хабарламады. Бұған дейін президент Трамп та, оның әкімшілігінің өкілдері де Ресей бейбіт келіссөзге бармаса, санкцияны күшейтетінін жоққа шығармаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейге жаңа санкциялар салды