Еурокомиссия 150 миллиард еуро көлемінде қорғаныс қорын құруды ұсынады

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен

Еуропа қайта қарулану дәуіріне қадам басты. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 4 наурызда Брюссельде осылай деп мәлімдеді.

Украина басқыншымен соғысып, АҚШ Киевке қатысты саясатын өзгертіп жатқан шақта Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссия Еуроодақтың қорғаныс қабілетін нығайту үшін бірқатар шаралар қабылдауды ұсынатынын хабарлады.

"Еуропа қорғанысқа жұмсалатын шығындарды айтарлықтай көбейтуге дайын. Қысқа мерзімді қажеттілікке жауап қатып, Украинаға қолдау көрсетуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді мақсаттарға – өзіміздің еуропалық қауіпсіздігіміз үшін әлдеқайда көп жауапкершілік алуға дайынбыз", - деп мәлімдеді Еурокомиссия жетекшісі.

Еуроодақтың қайта қарулану жоспарының және қорғаныс қабілетін арттыратын басқа да шараларының жалпы бюджеті 800 миллиард еуро болады деп бағаланып отыр. Бұл жоспар 150 миллиард еуроны, соның ішінде Украинаға қару-жарақ сатып алу мен әуе қорғаныс құралдарын, зымырандар мен оқ-дәрілер, сондай-ақ дрондар мен олардан қорғану құралдарын өндіруге арналған несиелер ретінде тартуды да қамтиды. Қаржы осындай мақсатпен құрылатын жалпыеуропалық қордан жұмсалуы мүмкін.

Қалған 650 миллиард еуро Еуропаның инвестициялық банкі, жеке инвесторлар және Еуроодақ мүшелерінің қорғанысқа жұмсалатын шығындарын орта есеппен ІЖӨ-нің 1,5%-на дейін арттыру есебінен тартылмақ. Еурокомиссияның тағы бір ұсынысы – Еуроодақтың дамушы аймақтарындағы жобаларды қаржыландыруға арналған қаражаттарын қорғаныс қажетіне бағыттауға мүмкіндік беру.

Жоспар 6 наурызда Еуроодақтың шұғыл саммитінде талқыланатын болады. Бұған дейін Киевке қатысты ұстанымы өзгелерден басқаша Венгрия мен Словакия Украинаға әскери көмек көрсету көлемін арттыру ұсынысын қолдамауы мүмкін екенін білдірген. Politico басылымының жазуынша, Будапештің ұстанымына байланысты Еуроодақ қазір Украинаға 20 миллиард еуро көлемінде әскери көмек пакетін беру бойынша жұмыстарды тоқтатқан. Сонымен бірге, басылымның дереккөздері Венгрия қорғаныс шығындарын арттыруға келісуі мүмкін, бірақ ол үшін жаңағы шығындар есебінен Украинаға әскери көмек берілмеуі шарт екенін айтқан.

Бұған дейін АҚШ Украина үкіметін тезірек Ресеймен бейбіт келісім жасасуға шақырып, қысым көрсеткеннен кейін Вашингтон Киевке әскери керек-жарақты беруді тоқтатқаны жайлы хабар тараған болатын. Украина мен Еуроодақ АҚШ тарапынан әскери көмек толық тоқтатылған жағдайда оның орнын толтыратын балама жол табу өте қиын болатынын айтып, алаңдаушылық білдірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтата тұруды бұйырған