Ербаян Мұхтар ісі: күдіктілер жоқ, қорғануға құқығы бар куәлер бар

Ербаян Мұхтар.

Әскерде жұмбақ жағдайда басы жараланып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр, күдіктілер әлі анықталған жоқ. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев 25 ақпанда әскердегі тәртіп туралы баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді.

Қазиевтің айтуынша, іс бойынша сараптамалар тағайындалды. Ол Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайды деді. Қазиевтің мәлімдеуінше, Бас прокуратура, Бас әскери прокурор тергеуді бақылап отыр. "Ұлттық ұлан Ербаян Мұхтардың ата-анасымен байланыста", – деді ол.

Қазиевтің сөзінше, қазір істе нақты күдікті деп танылғандар жоқ, белгілі бір адамдар тергеу аясында тексеріліп жатыр.

Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының басшысы Нұрбай Бектұрсынов Ербаян Мұхтарға "қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр" деді.

"Осындай жарақат алса немесе оқиға болса, әскери басқару органдары қызметтік тексеріс жүргізеді. Олар бізден тәуелсіз. Қызметтік тексеріс нәтижесінде қандай да бір құқық бұзу, қысым көрсету фактісі анықталған жоқ", – деді Бектұрсынов.

Ербаян Мұхтардың заңды өкілі Инга Иманбайдың Азаттыққа айтуынша, істе қорғануға құқығы бар куәлер бар.

"Қосымша сараптамалар тағайындалды, сол үшін тергеу уақытын тағы созды. Іс бойынша әлі ешкімді күдікті деп танымаған. Бұлар Ербаян сөйлей ме, өзі айта ма, айтпай ма дегенді күтіп, уақытты созып жүр", – деді заңгер.

Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.

Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.

Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Көктемде Түркияға қайта барып, оңалтудан өтпек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркияда ем алған Ербаян Мұхтар Қазақстанға қайтты