Болат Назарбаевтың бөліске түскен бизнес-империясы. Байлық кімге бұйырды?

Алматыдағы "Алтын орда" базары Қаңтар оқиғасынан кейін Болат Назарбаевтың уысынан шықты. 28 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры, марқұм Болат Назарбаевтың базар, сарай, ғимарат және мыңдаған гектар аумақты алатын жер учаскелері қазір кімнің иелігінде? Мемлекет нені "қайтарып" алды? "Зәбір көргендер" мүліктеріне қайыра ие бола алды ма? Балаларына қалған мирасы қайсы? Қаңтар оқиғасынан кейін билікке ықпалынан айырылған бірінші президенттің інісі басқарған даулы мүліктердің бүгінгі жайы не болып жатыр? Азаттық тілшісі осы сұраққа жан-жақты жауап іздеді.

ТАРЫЛҒАН ЖАЙЛАУ

Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамған Үшқоңыр жайлауы – әнге арқау болған көрікті мекен. Бірінші президенттің әулеті мыңдаған гектар аумақты қоршап та алған. Журналистерді ішіне кіргізбейтін. Мәжіліс депутаттары да қақпа аузынан қайтқан кездер болған. Депутат Мақсат Толықбай 2024 жылы қаңтарда парламент мінберінен "бір таудың өзін меншіктеп алыпты" деп мәселе көтерген.

Үшқоңыр жайлауына көтеріліп бара жатқандағы темір қақпа. Назарбаевтар иелігіндегі аумаққа рұқсатсыз өткізбейді. 21 маусым, 2022 жыл.

Жайлауда Нұрсұлтан Назарбаев пен Қайрат Сатыбалдының сарайлары орналасқан. Қонысты қоршаған 9 мың гектардан астам аумақ Қаңтар оқиғасына дейін түгелдей дерлік Болат Назарбаевқа тиесілі еді. Бірақ біз Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрына үңілгенде Назарбаевтар әулетіне тиесілі сарайлар маңайындағы меншік жерлері тарыла түскенін байқадық. Үй, ғимаратты қалдырып, қалғанын мемлекетке қайтарған.

Қайрат Сатыбалдының атында болған негізгі үлкен сарай Нұрсұлтан Назарбаевтың қорына сыйға тартылғаны бұған дейін айтылған. Қазір Үшқоңыр резиденциясы меншік құқығын ауыстырған. Бірақ қосылғыштардың орны ауысса да, қосындының мәні өзгермепті. Сарай Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елбасы қорынан" "Байтау" деген қорына қарайтын "Smart investments" компаниясына өткен.

Ал бұрын медресе болған деп айтылатын ғимарат Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаевтың Steppe AgroMeat деген компаниясына қарайды.

Сарайлар төңірегіндегі яқталмаған құрылыс тұрған жер де әкеден балаға, яғни Болаттан Нұрболға берілген. Назарбаевтар сарайларының жанындағы кейбір аумақ туралы деректі кадастрлық карта көрсетпейді. Жалпы көлемі (1400+4546+3408) 9354 гектар болатын үш учаскенің қазіргі меншік иесі – мемлекеттің "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы". Бұл компанияның балансына маңайдағы өзге аумағы кішірек бірнеше учаске өткен.

Болат Назарбаев (сол жақта) сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен (оң жақта) бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткішті ашу шарасында тұр. Талдықорған, 30 қараша, 2016 жыл

Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы кеміп, Қауіпсіздік кеңесінен кеткен соң оның туыстары туралы биік мінберлерден батыл мәлімдемелер жасала бастады. Болат Назарбаевтың бизнес-империясы туралы да айтылды.

Прокуратура 2023 жылдың басында Болат Назарбаевтың иелегінде болған жалпы көлемі 244 гектар 59 учаске тәркілінгенін мәлімдеген. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың мұны бірнеше аймақта жүздеген млн доллар тұратын жер телімдері деп атаған.

БОЛАТТЫҢ АТЫНДАҒЫ КОМПАНИЯЛАР

Бір қызық дерекке тоқталайық: қайтыс болғанына 1,5 жылға таяу уақыт өтсе де, Болат Назарбаевтың атында тұрған компаниялар бар.

Олардың бірі – қайырымдылықпен айланысатын "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры. Мұнда Болат Назарбаевпен бірге Қасым Қасабеков деген адам құрылтайшы.

Екіншісі – "Star-НБ" деп аталатын компания. Мұнда үш адам құрылтайшы. Statsnet сайтының дерегі бойынша, құмар ойын мен бәс тігу ойындарын ұйымдастырумен айналысады. Десе де кәсіпорын қазір жұмыс істеп тұрғанға ұқсамайды.

Біріншіден, құрылтайшылар қатарында Алтынбек Әлпиев деген тағы бір қайтыс болған адам көрсетілген. Ол 2000 жылдары Алматыдағы "Алтын орда" базарына иелік еткен. Базардың жайын сәл кейінірек жазамыз. Екіншіден, "Star-НБ" компаниясы тіркелген Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы Бейбітшілік көшесі 22-үй мекенжайында қазір төтенше жағдайлар департаменті орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) інісі Болатпен (оң жақта, көкшіл түсті шляпада) Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде, 2011 жыл.

САРАЙЛАР

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сәйкес, кіші Назарбаевтың отбасына тиесілі 4 сарай бары белгілі.

Біріншісі Назарбаев туып-өскен Шамалған ауылында орналасқан. 2022 жылы жергілікті жұрт бұл үй өзен арнасын қоршап, ауылға бау-бақша суын өткізбей қойды деп шулаған еді.

Ауыл әкімдігінің өкілі мен жөндеуші мамандар да қамал ішіне кіре алмай қайтқан. Марқұмның жаназа намазы оқылған үй де осы.

Үшқоңыр жұрты "Болат Назарбаевтың үйі су жолын бөгеп отыр" дейді (15 шілде, 2022 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Үшқоңыр жұрты "Болат Назарбаевтың үйі су жолын бөгеп отыр" дейді

Ал өзге үш сарай Алматы қаласында. Олар туралы Orda.kz басылымы үш жыл бұрын көлемді зерттеулер жариялаған. Бірінші сарай Әл-Фараби даңғылынан жоғары, Оңдасынов көшесінде. Аумағы – 2,8 гектар. Осы үлкен үйдің қасында бау-бақша, жылыжай және күмбезі бар әлдебір үш ғимарат көрінеді. "Бұлар хамам, бассейні бар демалыс орыны болуы мүмкін" деп жазды журналистер.

Екінші сарай да Алматының Медеу ауданында. Биік-биік ағаштар көлденең көзден тасалап тұрған аумақ ішінде, Orda сайтының жазуынша, құмар ойын автоматтары, балалар ойын алаңдары, футбол алаңқайы, кино көрсететін үйшіктер бар.

Ал үшінші сарай Алматының ботаникалық бағы мен "Южный" саябағының ортасынан орын тепкен. Жылжымайтын мүлік Болаттың ұлы Нұрболдың атында екені айтылады. Сарай 2020 жылы салынған, ал 72 сотық бұл жер учаскесін әкесі ұлына 2011 жылы сыйлаған болуы мүмкін деп жазады Orda.kz. Кейінгі үш жылға жуық уақытта бұл сарайлардың иесі ауысты ма, жоқ па, ол жағы Азаттыққа беймәлім.

ӘКЕДЕН ҚАЛҒАН "МОЛ МҰРА"

Осы тұста Нұрбол Назарбаевқа әкесінен басқа да мол мирас қалғанын айта кетейік. Мұраның үлкені – еншілес бірнеше компанияны біріктіріп отырған – Prime Capital Holding. Оның ішінде оннан астам компания бар. Алакөл, Талғар, Қарасай сынды көрікті жерлерде демалыс орындарын, ресторандарды, сауда орындарын және өзге де жылжымайтын мүліктерді жалға береді.

Осы холдингке қарайтын Prime Capital RE Plaza компаниясы жерінде, Алматыдағы Тимирязев көшесінің бойында BNC Plaza деген зәулім бизнес-орталық тұр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, кәсіпкер Болат Назарбаев (1953-2023)

Қаңтар оқиғасына дейін Болат Назарбаевтың баласы Нұрбол Назарбаев туралы ақпарат құралдарында көп айтылмайтын. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен оның интернет бетінде бірді-екілі суреті ғана бар.

2022 жылы Болат Назарбаевтың денсаулығы сыр беріп, мүлкі өз атына жазылғаннан кейін Нұрбол Назарбаев Forbes Kazakhstan журналы түзетін елдегі ең ауқатты адамдар тізіміне енді. Басылым 2024 жылы оның байлығын 170 млн доллар деп бағалаған.

БАЗАРЛАР

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тұрғанда "Болат Назарбаевтың кезінде "Алтын орда" базарында "бұзылмаған заң жоқ" деген.

Кіші Назарбаевтың иелігінде бір ғана базар болған жоқ. Кейінгі үш жылда Назарбаевтардың иелігінен шыққан сауда орындарына тоқталайық.

"Алтын Орда"

"Алтын орда" базары Қаңтар оқиғасынан кейін Болат Назарбаевтың уысынан шықты. 2022 жылы оны базардың бұрынғы иесі деп айтылатын Алтынбек Әлпиевтің баласы Данияр Әлпиев "қайтарып алдым" деп хабарлады.

– Бұрын рейдерлер бопсалау, күш қолдану арқылы отбасылық бизнесімізді тартып алған еді. Қазір өтінішіме құлақ асқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында "Алтын Орда" базарына иелік ету құқығымды қалпына келтірдім, – деп мәлімдеді Данияр Әлпиев.

Оның әкесі Алтынбек Әлпиев 2007 жылы кісі қолынан қаза болған еді. Данияр әкесінің өлімінін соң базарды "Болат Назарбаевтың адамдары тартып алғанын" айтқан.

Дегенмен қазір Данияр Әлпиевтің өзі іс жүзінде базарға иелік ете ме, жоқ па – беймәлім. Себебі президент Тоқаевқа алғыс айтқан әлгі мәлімдемесінен соң бір жыл өткенде, 2023 жылы желтоқсанда ол "алаяқтық" бабымен қамауға алынды. Бұл кезде базарда кешен құрылысы жүріп жатқан, қозғалған іс осы құрылыспен байланысты екені айтылады. Істің сотқа жеткені әлі хабарланбады.

"Алтын орда" көтерме және бөлшек сауда орталығы. 28 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазір базар "Компания номер один" деген кәсіпорынға қарайды. Онда Данияр Әлпиев пен Еркебұлан Хамзин деген екі адам құрылтайшы ретінде тіркеліп тұр.

Еркебұлан Хамзинге келсек. Ол бұрын Астана қаласы экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары және Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкері болған адам. Бір қызығы, Shishkin_like telegram-арнасы компания директоры Александр Недогарко да осы Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кіріс департаментінде қызмет еткен деп жазады.

Мәжіліс депутаттары былтыр "Алтын орданы" экономикалық тергеу саласының адамдары басып алды деп дабыл қаққан. Ал бас прокуратура мұны жоққа шығарған.

Қорыта айтқанда, "Алтын орда" Болат Назарбаев туыстарының қолында емес, бірақ басынан дау арылмаған сауда орынының жағдайы әлі дүдәмал.

"Тастақ" базары

Кейінгі үш жыл көлемінде "бизнесімді бәленбай жыл бұрын Болат Назарбаев тартып алды" деп айтатын кәсіпкерлер қарасы көбейді. Бірақ Назарбаевтар әулетінің дәурені жүріп тұрған шақта дүние-мүліктер бірінші президенттің бауырына сыйға берілді деп жазылатын. Сондай мүліктің бірі – Алматыдағы "Тастақ" базары.

Bes.media сайтының жазуынша, 2011 жылы Сергей Ахмаметьев деген адам "Тастақ" базарын Болатқа тегіннен тегін бере салған. Кіші Назарбаев бұл базарға 11 жыл иелік етті.

Электрон үкімет порталының дерегі бойынша, 2022 жылы, дәл Қаңтар оқиғасы болған айда құрылтайшылар құрамы өзгеріп, Болат Назарбаевтың орнына Жанат Темірғалиев, алты айдан кейін Ерлан Каиров деген адам келді.

Shishkin_like Telegram арнасы кейінгі қожайын салық төлеуге әлдеқайда ыждағатты деп жазды. Ақпаратқа қарағанда, "Тастақ" компаниясы 2015 жылдан бері 583 млн теңге салық төлеген болса, соның басым бөлігі – 500 млн теңгесін мемлекет қазынасына 2022 жылдан кейін аударған.

"Барыс" базарлары

2023 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы, дәлірек айтқанда, Қырғызстанмен шекараға жақын жердегі "Барыс-2" базары жерінің жартысынан астамы сот шешімімен мемлекетке қайтарылды. Бұл – 34,3 гектар учаскенің 22,25 гектары. Жер 2004 жылы аудан әкімдігінің актісімен "Қарасай БН-Тараз" компаниясына "заңсыз" сатылған делінеді.

"Жер учаскесі ерекше қорғауды қажет ететін суармалы егістік жері болып есептеледі. Қордай ауданы прокуратурасы аудан мен ауылдық округ әкімдіктерінің актілерін, сондай-ақ сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танып, күшін жою мақсатымен сотқа талап-арыз берді. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы учаскелерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануға және күшін жоюға қаулы етті", – деп хабарлады Жамбыл облыстық прокуратурасы.

Коронавирус пандемиясы кезінде жабық тұрған Barys-IV базары. Алматы облысы, 28 сәуір, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Болат Назарбаев Алматыдағы "Барыс-4" көтерме базарынан да көзі тірісінде айырылды. Жұрт бұл жерді "Оптовка" деп атап кеткен. 2022-23 жылдары мемлекет пен Болат Назарбаевтың "Найза-БН" компаниясы соттасқан еді. Болат Назарбаев аталған базарды "заңды жолмен иеленгенін" дәлелдеуге тырысқан.

Ақырында сот Алматының Розыбақиев көшесіндегі сауда орыны 2013 жылы заңсыз жекешелендірілді деген шешімге келді. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, құны 1,5 миллиард теңге (үш миллион доллардан астам) тұратын базар жекешелендірілген кезде небәрі 307 миллион теңгеге (640 мың доллар шамасы) сатылған.

"Барыс-3" автобазарындағы жағдай да басқа "Барыс" базарларына ұқсайды. Алматы облысы Қарасай аудандық соты 2023 жылы базар жерін жекеге сату келісімшартын жарамсыз деп таныды. Жер мемлекетке берілді.

ҚАЙТАРЫЛҒАН ЗАУЫТ ПЕН ҒИМАРАТ

Нұрбол Назарбаевтың атына әкесінен өткен, бірақ үлесін бұрынғы иесі мен мемлекет даулаған тағы бір кәсіпорын мен ғимарат туралы айтпай кетуге болмас.

Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы 104а мекенжайындағы кеңсе 1953 жылы тұрғызылған. Ол 2019-23 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың BN Invest Capital компаниясына қараған. Кейін мемлекет қайтарып алып, былтыр 1,5 млрд теңгеге аукцион арқылы сатты. Алғашқы сатып алушы кім екені хабарланбады. Қазір бұл компанияның аты DBS-Trade Company деп ауысқан, құрылтайшысы – Нұрлан Тұрлығожаев деген адам.

Енді кәсіпорын жайлы. Тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен басталатын Алматы ауыр мәшине жасау зауыты металлургия, мұнай-газ және жалпы өнеркәсіпке қажетті жабдықтар жасайды. Зауыт үлесі тәуелсіздік жылдары елдегі көптеген кәсіпорын тәрізді жекенің қолына өтті. Болат Назарбаев ресми түрде 2007 жылы кәсіпорын акциясының 86 пайызын иелігіне алды. Кейін о баста жасалған келісімге сәйкес сатуға құқығы болмаған 31,9 пайыз акцияны ұлы Нұрбол Назарбаевтың компаниясына өткізіп жібергені анықталды. Сот оның әрекетін заңсыз деп танып, осы үлес мемлекетке қайтарылсын деген шешім шығарды.

Әзірге зауыт қожайыны ретінде Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев пен бизнесмен Эдгар Салдузи тұр.

Зауыт 2022 жылы өз сайтында жариялаған мәлімдемеде Салдузи кәсіпорынның 100 пайыз акциясын өзіне қайтарып алғысы келетінін жазады. Ақпаратқа қарағанда, ол 2010 жылы, яғни "Ескі Қазақстан" тұсында үлесінің біраз бөлігінен мәжбүрлі түрде айырылып қалған. Бұл мәлімдемеге құзырлы органдар мен зауыт қожайындарының бірі Нұрбол Назарбаев жария жауап берген жоқ.

Бұрынғы президент Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.

"Ескі Қазақстан" деген шартты атау Нұрсұлтан Назарбаев президент болған уақытқа қарата айтылады. Бизнесмендер Болат Назарбаевты "ағасы ел басқарып тұрғанда байыды, кәсіпорындарды басып қалды" деп жиі айыптайды.

Болат Назарбаевтың өзі мұндай айыптаулармен келіспейтінін айтқан, бірақ оның "басың істесе, фамилия да жетеді дейді ғой, ары қарай өзім алып кеттім" деген уәжі адамдарды екіұдай ойға жетелеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі

ҚОСПАЕВТЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОБЫ

Биыл 28 қаңтарда Астана соты "қылмыстық топ құрған" Елдос Қоспаев деген адам мен оның 10 серігін әртүрлі мерзімге түрме жазасына кесті. Бұқаралық ақпарат құралдары мен жәбір көрдім деген адамдар Елдос Қоспаевты "Болат Назарбаевтың көмекшісі" деп атап, оның тартып алған мүліктерін де кіші Назарбаевпен байланыстырды. Мәселен, Orda сайтының жазуынша, Қоспаев AV-Constraction деген құрылыс компаниясында Болат Назарбаевтың қызы Құндызбен қатар құрылтайшы болған.

AV-Constraction компаниясы иелерінің бірі, бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров 2022 жылы "Esentai City тұрғын үй кешенін тұрғызғаннан кейін виллаларды сатып, түскен пайданы Қоспаевқа беріп отырдым" деген еді. Осы дау өршіп тұрған тұста Болат Назарбаевтың "Салиқалы ұрпақ" деген қоғамдық қоры 2022 жылы "ҚазТАГ" басылымына Елдос Қоспаевтың Назарбаевтарға "қатысы жоқ" деп хат жолдаған.

"Almaty steklo" жұмысшылары кәсіпорын алдына жиналып тұр. Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылы, 6 сәуір, 2022 жыл.

2022 жылы Алматы облысындағы Almaty steklo зауыты құрылтайшыларының бірі әрі басшысы Әзім Абдуллаев журналистерге Болат Назарбаев пен оның айналасындағы адамдардан "зәбір көріп", "кәсіпорын үлесінің тең жартысын беруге мәжбүр болдым" деген. Сол дауда "Болат Назарбаев үлесін маған сыйға тартты" деген бір адам қасына заңгерін ертіп, кәсіпорын жұмысшыларымен танысуға келген. Ол адам – осы жолы Қоспаевтың серіктерінің бірі ретінде сотталған Руслан Шалин болатын. Бірақ сол жолы жұмысшылар наразы болып, оны зауытқа кіргізбей қойған еді.

Дегенмен электрон үкімет порталында Almaty steklo зауытының құрылтайшылары ретінде Әзім Абдуллаев пен Болат Назарбаевтың есімі қазір де қатар тұр.

Сонымен Астана сотының ақпаратына сүйенсек, Елдос Қоспаев бастаған топ 2016 жылдың қазанынан 2021 жылға дейін бес компанияны рейдерлік жолмен тартып алып, тағы біреуін алуға дайындалған. 2018-2022 жылдар аралығында олар "Esentai City" тұрғын үй кешенінен құны 4,6 млрд теңге болатын мүлікті ұрлаған. 133 пәтер мен тұрғын үйге жатпайтын бөлмелерді туыстары мен үлестес тұлғаларға төмен бағаға сатқан. Бұдан бөлек топ өз бақылауындағы кәсіпорындар арқылы жалған маркамен алкоголь өнімдерін сатып, 7 млрд теңге пайда көрген. Мемлекет оның иелігіндегі 78 пәтер, алты жер учаскесі, қойма, 10 коммерциялық нысан, жалпы ауданы 2482 шаршы метр болатын екі көп қабатты үй, бес гараж, сауда нысандары, 80 автокөлік, екі қару-жарақ тәркіледі. Жәбірленушілерге шамамен 6,5 млрд теңге сомасында материалдық және моральдық залал өтелді.

Жабық өткен сот туралы ресми хабарламада сотталушылардың айыппен келіскен-келіспегені жазылмаған.

ТҮЙІН

Біз Болат Назарбаевтың нақты қандай мүліктер мемлекет иелігіне алынғанын білмекке "Қайтарылған активтерді басқару компаниясына" сауалхат жолдадық және активтерді қайтару бойынша келетін әдепкі жауап алдық.

"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң мен қаржы министрлігінің активтерді басқару тәртібі бойынша, компания қайтарылған активтер иесінің жеке мәліметтерін құпия сақтайды", – деп жазылған "Қайтарылған активтерді басқару компаниясының" жазбаша жауабында.

Болат Назарбаеты көзі тірісінде шенеуніктер "бұзбаған заңы қалмады" деп айыптаса да, құзырлы органдар заңсыз мүліктерін мемлекетке қайтарып жатса да, оның үстінен қылмыстық іс қозғаған жоқ. Мәселен, 2022 жылы Нұрша Кәкенов, Иркам Абдукаримов деген кәсіпкерлер "Назарбаев пен Қоспаев кәсібімізді тартып алды" деп мәлімдеген. Оның да Болат Назарбаев қайтыс болғанға дейін тергелген-тергелмегені туралы ашық ақпарат жоқ. Бұл қалыпты нәрсе ме, әлде оның біз білмейтін сыры бар ма? Осы сұрақты "Елге қайтару" қорының негізін қалаушы Оразалы Ержановқа қойдық.

"Елге қайтару" қорының негізін қалаушы Оразалы Ержанов

– Осы күнгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келді. Міне, сол кезде бұрынғы президент екеуінің арасында біраз келісім болды деп ойлаймын. Келісімнің жай-жапсары халыққа белгісіз және ешқашан жарияланбайды. Назарбаевтар әулетіне тиіспей жатқаны осы келісімнің бір көрінісі болса керек. Көзбояушылық, саяси ойын қылып кейбір базарларды ала бер деп айтқан шығар, алайда олардың ақшасы тек базарларда ғана емес, активтері көп. Елден шығарған да активтері болды. Қаңтар оқиғасы өткеннен кейін отбасының көбі Түркияға барып тұрды. Онда жатақханада немесе қонақүйде тұрмағаны анық. Өздерінің меншіктері бар сол жақта. Сондықтан халыққа қайтарып жатқан сыңай таныту үшін ғана байлығының шет жағасына тиіскен шығар. Назарбаевтар негізгі байлығын сақтап қалды деп ойлаймын, – деді Оразалы Ержанов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың, өзі айтқандай, "еркелеп өскен" інісінен қалған қисапсыз байлықтың қазіргі жайы осындай. Біразы бұрынғы иелеріне, біразы мемлекетке қайтарылған. Балалары да байлықтан қағылмаған.