Украина АҚШ ұсынған 500 миллиард долларлық бірлескен қор құруды қарастыратын пайдалы қазба өндіру жөніндегі жаңа келісімнің шарттарын қабылдамады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, осы қор Ресей басқыншылығы басталғалы бергі АҚШ-тың Украинаға берген қаржылай көмегін өтеуі керек. Дегенмен де Украина жағының айтуынша, Американың іс жүзінде берген көмегі жоғарыда айтылған сомадан бес есе аз яғни, 90 млрд доллардан астам қаражат.
Агенттік дереккөзінің сөзінше, Украинаның келіспеуінің тағы бір негізгі себебі - АҚШ Украинаға болашақ әскери және қаржылай көмекке қатысты ешқандай кепілдік бермеген.
Дереккөзге сүйенген Radio NV жазуынша, Украина АҚШ-қа өзінің ұсыныстарын - мысалы, қор мөлшерін 100 млрд долларға дейін азайту қажеттігін айтқан. Украина шенеуніктері ұсынысты АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогқа берген.
Бұған дейін The New York Times Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алғанын, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылғанын жазған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді.
Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.
- Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
- Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.