Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры сот шешімімен жабылу мүмкін. 14 ақпанда Астананың экономикалық сотына аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз танып, қоғамдық бірлестікті жою туралы шағым түсірілді деп хабарлады әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа қарағанда, қоғамдық бірлестік 2021 жылы 11 қазанда тіркелген, оған қазір қамауда отырған Перизат Қайрат жетекшілік еткен.
Министрліктің түсіндіруінше, сотқа шағым түсіруге қаржы мониторинг агенттігінің өтініші негіз болған.
"Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін құру кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасы қаржы мониторингі агенттігінің оны тіркеудің күшін жою рәсімін бастау туралы хаты талап қоюға негіз болды" деді министрлік өкілдері.
Перизат Қайрат былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Таяу Шығыстағы палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге деп жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 2024 жылы қарашада қамауға алынған. Бұған қоса, ол Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинап, 22 млн теңгені жеке қажетіне жаратты деген күдікке ілінген.
Дегенмен оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Былтыр желтоқсанда сот кәсіпкердің мүлкін бұғаттады. Қаржы мониторинг агенттігі 2024 жылы Перизат Қайраттың үйін тінту кезінде "қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған" қымбат техника, танымал брендтер шығарған киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленді деп хабарлаған.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.