Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейге жаңа санкциялар салды

Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский.

Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай Мәскеу мен оның одақтастарына жаңа санкциялар салды.

Австралия билігі "қара тізімге" Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Анна Цивилеваны, Павел Фрадковты, Виктор Горемыкинды және Андрей Булыганы қосты. Бұдан бөлек, Ресей мемлекеттік кеңесінің хатшысы Алексей Дюмин мен Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский санкцияға ілікті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мединский, форум және отаршылдық. Ресей Қазақстан тарихын жазуға қатыса ма?

Жалпы Ресейдің 70 азаматы мен 79 мекемесіне, соның ішінде "Россотрудничество", Ресей ұлттық гвардиясы ("Росгвардия") мен бірқатар әскери кәсіпорынға жеке санкция салынды.

Бұған қоса, жаңарған "қара тізімде" Беларусь әскери-өнеркәсіп комитеті мен Солтүстік Корея қарулы күштеріндегі жоғары лауазымды тұлғалары да бар.

Жаңа Зеландия Ресейдің 52 азаматы мен мекемесіне санкция салды.

21 ақпанда жаңарған тізімде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың анасы, Ахмат Қадыров атындағы қордың басшысы Аймани Қадырова, ресейлік стратегиялық авиацияның бірнеше ұшқышы, газ өндіретін "Новатэк" компаниясы, "Вектор" деп аталатын әскери кәсіпорын мен тағы басқалары бар.

Жаңа Зеландияның "қара тізіміне" Солтүстік Кореяның әскери саладағы бірнеше шенеунігі енген, бұған Украинадағы соғысқа байланысты Солтүстік Корея әскерін Ресейге тартқаны себеп болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оккупацияланған Қырымға Қазақстан оқушыларын жіберген Россотрудничество туралы не белгілі?

Биыл ақпанда Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберген. Әзербайжан СІМ "Бакудегі "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген" деді. Молдова билігінің де шешіміне сәйкес, ел ішіндегі Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ("Орыс үйі") жабылатын болды. Бұған Ресей дрондарының Молдова аумағына түсуі себеп болған.

"Орыс үйі" – "Россотрудничество" федералды агенттігіне қарайды. Ол – Ресей сыртқы істер министрлігіне бағынышты орган. Ұйым шетелдегі ресейліктермен жұмыс істейді, өзінің сайтында "Ресейдің әлемдегі гуманитарлық ықпалын күшейту" және "қазіргі Ресей туралы шетелде объективті идеяның таралуына" ықпал етуді мақсат етеміз деп жазған.

Сарапшылар бұл ұйымды шетелдегі Кремль идеясын жүргізетін "жұмсақ күшке" жатқызады. Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірген соң Еуроодақ "Россотрудничество" ұйымына санкция салған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан Бакудегі "Орыс үйін" жабуды талап етті