Атырау мұнай өңдеу зауыты мекеме маңында қара түсті сұйықтықтың "ағып жатқаны туралы" видеоға түсініктеме берді.
Бүгін, 27 ақпанда таңертең Атырау тұрғындары мұнай өңдеу зауытының маңында қара түсті сұйықтықтың далаға ағып жатқанын байқаған. Желіде тараған видеолардың бірінде тұрғын оның иісі бар екенін айтады.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі “бұл ақау зауыттың өндірістік жүйелеріне қатысы жоқ, ол зауыт аумағында емес, зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр” деді.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз хатшысы Жандос Темірғалиевтің сөзінше, зауыттың экологтары мен экология департаментінің мамандары тексеру кезінде қара түсті сұйықтықтың “Атырау облысы су арнасы” мекемесіне тиесілі кәріз жүйесінен ағып жатқанын анықтаған.
"Атырау облысы Су Арнасы" қара түсті сұйықтықтың тұрмыстық қалдық суы екенін растады. Қазір ақауды жою және төгіндіні тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
- Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз желісінің өткізу қабілеті бұзылғандықтан туындаған болуы мүмкін. Алайда қорытынды диагностика толық аяқталғаннан кейін жасалады. Кәсіпорын мамандары жағдайды қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Жұмыстың барысы туралы қосымша хабарланады, - деді мекеменің баспасөз хатшысы Лугзана Байлауова.
Жергілікті экология департаменті мамандар оқиға орнын қарауға шыққанын айтты.
Бұған дейін 9 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытының №33 резервуар паркі аумағында мұнай өнімдері, яғни бензин төгілген еді.
Ол кезде зауыттың баспасөз қызметі ол тауарлық бензин компоненттерін айдау желісіндегі ақаудан болды деп түсіндірген. Құбыр желісі тез арада резервуардан ажыратылып, апатты жағдайды жою жұмыстары жүрізілгені хабарланған. Жергілікті экология департаменті тексеріс тағайындалғанын айтқанмен қорытындысы туралы ақпарат жоқ. Зауыттың баспасөз қызметі Азаттық сауалына әлі жауап бермеді.
АМӨЗ басшылығы бұл жағдай мұнай өнімдерін жөнелту көлеміне әсер етпейтінін, зауыттың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.