23 ақпанда күндіз Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуекомпаниясының ұшағында (FS 7375 рейсі) үстіңгі жүк бөлікте тұрған жолаушының рюкзагы өртенген. Бұл жөнінде әуе компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
FlyArystan мәліметінше, бортсеріктер өртті жылдам өшірген.
"Ұшақ бортында 182 жолаушы болған. Ұшақ ұшып шыққан орынға қайта оралған, штатты жағдайда қонған. Оқиғаның жай-жапсары толық анықталғаннан кейін қосмыша ақпарат беріледі" деп хабарлады әуекомпанияның баспасөз қызметі.
Рейс Астана уақыты бойынша 17:10-ға ауыстырылған. Жолаушылардың барлығына билеттерді тегін ауыстыру немесе қайтару мүмкіндігі берілген.