Аштық жарияламақ болған Жаңаөзен тұрғыны бес тәулікке қамалды

Жаңаөзен

Жаңаөзен соты қала әкімдігіне жұмыс сұрап барып, аштық жарияламақ болған қала тұрғыны 28 жастағы Жоламан Тұрғанбаевты 5 тәулікке қамады.

Сот шешімінде 20 ақпанда Тұрғанбаевтың қала әкімдігіне барып, "жан-жағын қоршап алып, қоғамдық тәртіпті" бұзып, осылайша "ұсақ бұзақылық жасағаны" жазылған. Ондағы мәліметке сүйенсек, сот кезінде Тұрғанбаевтың өзі "жұмыс сұрап, әкімдікке барғанын, аштық жариялағанын" айтқан. Ол "кінәсін мойындаған".

Сот Тұрғанбаевты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (434-бап, 1-бөлігі) кінәлі деп таныған.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, Жоламан Тұрғанбаев "күнкөрістің қиындап, қымбатшылықтың қыспаққа алғанын айтып, ашынып, аштық жариялайтынын" айтқаннан кейін ұсталған.

Тұрғанбаевтың туыстары 21 ақпан түске дейін оның қайда екенін білмеді. Полицияға бірнеше рет барып жүріп, жұма күні түсте оның Жаңаөзеннен шамамен 150 шақырым жердегі Ақтаудағы уақытша қамау мекемесінде отырғанын біле алған.

"Менің ұлыма былтыр әкімдік алдында жұмыссыздық мәселесін шешуді талап еткен наразылыққа қатысқаны үшін айыппұл салды. Оны төлемегендіктен көп болып өсіп кеткен. Былтыр жергілікті билік 2025 жылы қаңтарда жаңа мекеме ашылады, сол кезде жұмыс болады деп уәде берген. Содан бері хабар жоқ. Кеше әкімдіктің алдына барып, аштық жарияламақ болған кезде оны полиция ұстап алып кеткен. Кеше кешке полицияға барсақ, бізге дұрыс ақпарат берген жоқ. Бүгін мен әкімдікке бардым. Әкімнің өзі жоқ. Орынбасарлары үште келеді деді. Арыз жазып кеттім" деді Жоламан Тұрғанбаевтың анасы Хәлима Мұсаева Азаттыққа.

Сот шешіміне сүйенсек, Жоламан Тұрғанбаев былтыр наурызда Мұнайлы аудандық әкімдігінің алдында "полицияның талаптарына бағынбағаны үшін" 77 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

21 ақпанда Азаттық Жаңаөзен әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Ал оның орынбасары Нұрберген Өтебайұлына хабарласқан кезде "өзінде кісілер отырғанын айтып, сөйлесе алмайтынын" жеткізіп, телефон тұтқасын қоя салды.

Шамамен 150 мың халқы бар Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында көп жылдардан бері жұмыссыздық мәселесі шешілмей келеді. Жұмыссыздар жергілікті биліктен тұрақты жұмыс беруді талап етіп, бұған дейін талай наразылыққа шыққан. Ал жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Халқы көп, жұмысы жоқ Жаңаөзен жастарының ала-құла өмірі