Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша қорытынды есеп жыл аяғына қарай дайын болады

Ақтау қаласы маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеу бойынша қорытынды есеп 2025 жылғы желтоқсанға дейін дайын болуға тиіс. 19 ақпанда үкіметтегі брифингіде көлік вице-министрі Талғат Ластаев осылай деп мәлімдеді.

"Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына, стандарттарына және ұсынылған тәжірибеге сай, тергеуге бір жыл уақыт беріледі. Соған сәйкес, тергеу бойынша қорытынды есеп биыл желтоқсанға дейін дайын болуы керек", – деді Ластаев.

Вице-министр қылмыстық істі тергеу прокуратура органдарының құзыретінде деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжан Ресейді сотқа бермекші

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы шұрық тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағы апаты жайлы алдын ала есепте не айтылған?