АҚШ дипломатиясының Украинадағы соғысты жылдам аяқтауға ұмтылысы мен Вашингтонның Мәскеумен қарым-қатынасын жандандыруға деген талпынысы Киев пен Еуропа елдерін үрейліндіріп отыр. Олар қағажу қалғандай күй кешіп, Ресей үшін тиімді болатын келісім жасалмай ма деп алаңдайды. Бір қызығы, алаңдаушылардың қатарында Қытай да бар.
"Қытайлар мұны Трамп президент болып сайланып, Украинадағы соғысты жылдам аяқтағысы келетінін айтқанда-ақ байқаған" дейді АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буштың Қытай жөніндегі кеңесшісі болған Деннис Уайлдер. "Толық жақындасу әлі жоспарда жоқ болуы мүмкін, десе де олар Трамп Ресейге салынған санкцияларды алып тастаса, Мәскеудің Пекинге тәуелділігі азаяды деп алаңдап отыр".
Қытай президенті Си Цзиньпиннің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі Путинмен стратегиялық серіктестікті нығайту болса, Мәскеудің 2022 жылғы ақпанда бастаған басқыншылық соғысы бұл серіктестікті күшейте түскен еді. Пекин Ресеймен сауданы қыздырып, бұл елден энергия көздерін көбірек сатып алу арқылы Ресей экономикасына қолдау білдірді. Оның үстіне Пекин Кремльге ауадай қажет тауарларды жеткізіп тұрды. Өйткені Си Цзиньпин мен Владимир Путин Батысқа, соның ішінде АҚШ-қа қарсы тұруда мүдделес болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-Ресей сыртқы істер министрлерінің Сауд Арабиясындағы кездесуі қалай өтті?Бұл тұрғыдан АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының жаңа сипат алуы Пекиннің алаңдауын шегелей түсті. Мәскеу мен Вашингтон серіктестігі жандануы мүмкін екені осы аптада Сауд Арабиясында өткен кездесуде де байқалды.
Уайлдер Трамп президент болып сайланған соң "Қытайдың ірі лауазымды тұлғаларымен" сөйлескенін айтады. Оның сөзінше, олар АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының жандану ықтималдығына алаңдаушылық білдірген.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон қалыптастқан дәстүрді бұза отырып 1972 жылы Пекинге сапарлаған. Ол бұл сапарды Пекиннің көңілін аулап, Қытайдың Совет Одағымен арасын алшақтату үшін пайдаланған. Бұл "Қырғи-қабақ соғысының" ушығып тұрған кезі еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 2017 жылғы қараша.
Ресеймен қарым-қатынасты жандандырып, Мәскеу мен Пекиннің арасына жік салу талпынысын сарапшылар "Никсон саясатының төңкерілген түрі" деп бағалап отыр. Уайлдер сөйлескен Қытай шенеуніктері осы ойды білдіріп, бұл жолғының айырмашылығы сол, АҚШ президенті "енді Мәскеуге бармақ" деген.
"Бұл дегеніміз қытайлар Ресеймен қарым-қатынасы бүлінеді деп ойламайтынын, бірақ берік серіктестігіне сызат түсуі мүмкін деп қарайтынын білдіреді" дейді Уайлдер.
ВАШИНГТОННЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Трамп әкімшілігінің қадамдары қандай нәтижеге әкелетінін әлі айту қиын. Бірақ осы айда оның Путинмен сөйлескені, артынан Эр-Риядта АҚШ пен Ресей делегаттарының кездескені, Украина президенті Владимир Зеленскиймен бітім келісімі жөнінде түсінісе алмауы Ақ үйдің Украинадағы соғыс жөніндегі және Мәскеумен қарым-қатынасы жөніндегі бағыты өзгеріп жатқанын көрсетеді.
"Біздің көріп отырғанымыз – АҚШ-Ресей қарым-қатынасын қайта бастау емес, қайта құру сияқты" дейді "Халықаралық дағдарыс орталығы" ұйымының Украина жөніндегі сарапшысы Люциан Ким. "Бұл тұрғыда Украинадағы соғыс Ресей агрессиясына қарсы тұруға үндеу болмай, Вашингтон мен Мәскеу әріптестігін нығайту жолындағы кедергі болмақ".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путин мен Зеленскийге телефон шалды. Не талқылады?Жағдайдың бұлай өрбуі Пекинді алаңдатпай қоймайды. Өйткені бұл жағдайда Вашингтон Тынық мұхиты аймағындағы әскери әлеуетін күшейтіп, Тайваньмен қарым-қатынасы шиеленіскен Қытайды геосаяси тұрғыда әлсірете түспек. Пекин Тайваньды Қытай жері деп мәлімдеп, өз құрамына қосуға талпынып отыр.
"Меніңше, Қытай үшін Ресейдің әлсіз болғаны керек. Олар тіпті Украинадағы соғысты жалғаса бергенін құп көруі де мүмкін. Өйткені бұл соғыс АҚШ назарынан Үнді-Тынық мұхиты аймағынан алыстатып отыр" дейді Лондондағы корольдік біріккен қорғаныс зерттеулері институтының ғылыми қызметкері Сари Архо Хаврен.
Трамп әкімшілігі сыртқа саясатта ұзақмерзімді бақталасы Қытаймен бәсекеге басымдық беріп, Пекинге қысымды күшейту үшін Еуропа мен Таяу Шығыстағы мүдделерін екінші орынға қойғысы келетінін ашық білдіріп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Еуроодақ арасында сауда соғысы болуы мүмкін бе?АҚШ-тың лауазымды тұлғаларының жақында айтқан мәлімдемелеріне қарағанда, Мәскеумен қарым-қатынасты жөнге келтіру Қытай-Ресей әріптестігіне сызат түсіру үшін қажет екені анық меңзеліп отыр.
Эр-Риядтағы кездесуден кейін сөз сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио талқы кезінде Вашингтон мен Мәскеу арасындағы "геосаяси және экономикалық әріптестіктің" бас тақырыптардың бірі болғанын айтты.
Содан бірнеше күн бұрын Мюнхенде қауіпсіздік жөнінде конференция өтіп, оған Трамптың Украина және Ресей жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог қатысты. Ол АҚШ Кремльді Путин үшін "жайсыз болатын әрекеттерге" итермелейтінін, оның ішінде Мәскеудің Қытаймен, Иранмен және Солтүстік Кореямен әріптестігін доғару мәселесі барын мәлімдеді.
14 ақпан күні The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтон Украина жөнінде келісімге келген соң Кремльмен қарым-қатынасты жандандырып, Ресейді оқшаудан шығаруға, сөйтіп оның Қытайға деген тәуелділігін азайтуға дайын екенін айтты.
"Қытаймен әріптестікте оған іні болу Путиннің мүддесіне жат" деді Вэнс.
Екі елдің әріптестігін әлсірету мәселесі Трамп әкімшілігіндегі шенеуніктердің ойында жүргеніне біршама уақыт болды.
2019-2021 жылдары Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Роберт О’Брайен былтырғы сұхбатында бұл стратегияны Ақ үй сол кезде-ақ талқылап жүргенін айтып, Украинадағы соғыс жөнінде келісімге келу сол процесті бастауда үлкен қадам болмақ деген.
"Украина мәселесі шешілмей, Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкін емес" деді ол былтыр маусымда The Wire China басылымында жарық көрген сұхбатта.
ТРАМП ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ӘРІПТЕСТІГІН БҰЗА АЛА МА?
Архо Хавреннің сөзінше, Путиннің Си Цзиньпинмен қарым-қатынасын ескерсек, ол билікте отырғанда Мәскеу мен Пекиннің арасына сызат түсіру қиын. Бірақ Мәскеу мен Пекин арасында болмашы келіспеушілік пайда болғанның өзі Қытайды Тайваньға басып кіруден тежейтін фактор болмақ. АҚШ саясаткерлері Пекин бұл аралға басып кіруі әбден мүмкін деп ескертіп отыр.
"Олардың қарым-қатынасы берік болғанымен, арасында бұрыннан келе жатқан өзара сенімсіздік бар. Ол ешқайда кетпейді" дейді Архо Хаврен.
Дей тұрғанмен, Трамп әкімшілігінің дипломатиялық қадамдары қарыштап өрбіп жатса да, бұл сценарий анық іске асады деуге ерте, өйткені алда көптеген бетбұрыстар болуы мүмкін.
Лондондағы Африка және Шығыс елдері университеті Қытай институтының директоры Стив Цанг Вашингтонның Ресеймен қарым-қатынасты жандандыруға талпынысы Пекин үшін соншалық жағымсыз жаңалық болмауы мүмкін дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путинді санкциямен қыспаққа алмақ. Қазақстан сияқты үшінші елдерге қауіп бар ма?"Си Путиннің соғыста жеңілгенін қаламайды, сол себепті Трамптың Ресей мүддесіне сай келетін бітімге қол жеткізгені ол үшін оң өзгеріс болмақ" деді ол Азаттыққа. "АҚШ-тың келесі президенті кім болатынын, Трамптан кейін АҚШ саясаты өзгерер-өзгермесін кім біліпті".
19 ақпан күні жағдайды одан әрі ушықтыратын мәлімдеме жасалды. Трамп Си Цзиньпин Вашингтонға сапарлап келеді деп күтетінін, Қытаймен сауда келісімін жасауға ашық екенін айтты.
"Барлығы жылдам өрбіп жатыр" дейді Архо Хаврен. "Осының бәрі Қытайға ұнай қоймайды, бірақ мұны өзгертуге мүмкіндік бар".