АҚШ президентінің әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы соғысты реттеу мүмкіндігіне күмәндана бастады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген CBS News жазды. Сенімсіздік АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы сәтсіз келіссөзден кейін пайда болған.
Басылым дереккөзінің сөзінше, пайдалы қазбалар бойынша сәтсіз келіссөз де Украинаға көмек беру мәселесіне қатысты күмән туғызған. Оның сөзінше, Трамп Киевтегі билікті ауыстыруға талпынбайды.
The Washington Post басылымының жазуынша, Трамп әкімшілігі Зеленскийдің "дегенінен қайтпайтындығына" байланысты Украинаға әскери көмекті тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр.
The Washington Post дереккөзі 28 ақпанда Трамптың Ақ үйде Зеленскиймен сөз таластыруы "әдейі ұйымдастырылған" деген болжамды растамады. Басылымның жазуынша, Украина президентінің сапары алдында Вашингтонда "позитивті көңіл-күй" орнатылған, ал Трамп Зеленский - "диктатор" деген сөзінен бас тартқан.
АҚШ Украинаға көмегін толық тоқтатуы мүмкін деген ақпаратты The New York Times дереккөзі де айтып отыр. Басылымның жазуынша, Киевті жанама қолдау да тоқтатылуы мүмкін. Оған әскери қаржыландыру, барлау деректерімен алмасу, украин әскерін оқыту да кіреді.
Зеленский мен Трамп 28 ақпанда Вашингтонда Ақ үйдегі президент кабинетінде сөз таластырып қалған. Зеленский Вашингтонға пайдалы қазбаларды бірігіп игеру бойынша да келісімге қол қоюға келген. Ақыры құжатқа қол қойылған жоқ. Reuters дереккөзінің хабарлауынша, Трамп келісімге қол қоюға ықылассыз.
Кездесуден кейін Трамп Зеленскийді АҚШ-қа құрметсіздік көрсетті деп айыптап, Украина "бейбітшілікке шынымен де дайын болған кезде орала алады" деді.
Өз кезегінде Зеленский АҚШ-ты қолдағаны үшін алғыс айтты. FoxNews телеарнасына берген сұхбатында Украина басшысы Трамп пен америкалықтарды құрметтейтінін жеткізді. Ол сонымен бірге екі жақ бір-бірін жақсырақ түсінуі үшін осындай "ашық әрі әділ әңгімені" бұрынырақ өткізуге болар ма еді деді.
Америка мен Украина президенттерінің сәтсіз келіссөзінен кейін Италия премьер-министрі Джордж Мелони Рим өзінің одақтастарына Вашингтонның қатысуымен шұғыл саммит өткізуді ұсынғанын айтты.
"Батыстағы әрбір жікшілдік бәрімізді әлсіретеді және өркениетіміздің құлдырауын көргісі келетіндерге тиімді" деді Мелони. Ол ықтимал саммиттің мерзімін айтқан жоқ.