AP баспасөз жиынына кіргізбегені үшін Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ президенті Дональд Трамп

Америкалық Associated Press жаңалықтар агенттігі президент қатысатын шараға кіргізбегені үшін Дональд Трамп әкімшілігіндегі үш шенеуніктің үстінен сотқа арыз түсірді. Агенттік тілшісі өзін жиындарға кіргізуді, шенеуніктердің әрекетін баспасөз еркіндігін бұзу деп тануды және келтірілген шығынды өтеуді талап етті.

Ақпан айында Ақ үй AP журналистеріне президент қатысатын ірі шараларға қатысуға тыйым салған. Президенттің кабинеті, ұшағы, Трамптың Флоридадағы жеке резиденциясына әдетте журналистер кіргізілетін. Бұған AP агенттігінің хабарламаларында Мексика шығанағының жаңа атауын пайдаланудан бас тартуы түрткі болған. Қаңтарда Трамп Мексика шығанағын Америкалық шығанақ деп атау туралы жарлық шығарған еді. Агенттік журналистерге шығанақтың тарихи атауын пайдалануға, бірақ Вашингтонның да ұстанымын ескеруге кеңес берген.

"АҚШ-тағы баспасөз және барлық азамат үкіметтің қудалауынан қорықпай сөз орамын таңдауға құқылы», - делінген AP сайтында жарияланған шағымда. — Конституция үкіметке сөз бостандығын бақылауға мүмкіндік бермейді. Мұндай бақылауға жол беру және оны бұзғаны үшін жазалауға рұқсат беру әрбір америкалықтың бостандығына қауіп төндіреді".

Шағым Вашингтондағы аймақтық сотқа түсірілді. AP мәселе кеңейтілген сот алқасында қаралсын деп отыр. Трамп әкімшілігі шағымды "ақылға қонымсыз" жайт деп бағалаған.

Ақ үйдің коммуникация жөніндегі директоры Стивен Чунг АР журналистерін "идеологияға ұшыраған" тілшілер деп атаған.

Чунг әкімшіліктің сотта жеңетінін айтты. 20 ақпанда президент Трамп республикалық губернаторлармен кездесуде сотта жеңілуі мүмкін екенін айтқан, бірақ бұл «маңызды емес» деді.