Алматы қаласының әкімшілік соты 24 ақпан кешке Ресей азаматы Тимофей Морозовты "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 196 мың теңге (50 АЕК, шамамен 366 доллар) айыппұл салуға қаулы етті.
Морозовтың Азаттық Азия тілшісіне айтуынша, оның төлқұжатын алып, 25 ақпан таңертең қайтаруға уәде берген. Ол сот шешіміне келісетінін, шағым түсірмейтінін айтты.
"[Полицейлер] бұдан былай митингіге шықпа деп ескертті. Сотқа дейін түсіндірме жазбасам, депортациялаймыз деп сес көрсетті. Мен оны бәрібір жазбадым", – деді Тимофей Морозов.
Морозов 24 ақпан күні түс мезгілінде Алматыдағы Республика алаңына Украинаны қолдап, жалғыз өзі пикетке шықты. Ол "Украина жеңеді. Ресей азат ел болады" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Жарты сағатқа жуық уақыттан соң оны полиция алып кетті.
Ресей азаматының сөзінше, ол Қазақстанға былтыр келген, Ресейде университетті аяқтаған соң шетелге кетуді ұйғарыпты. "Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ пикетке шыққаным үшін қудалау қаупі барын білемін", – деді ол Азаттық Азия тілшісіне.
Бастапқыда пикет кезінде полиция оған ескерту жасап, босатқан. Кейін оны қайта тоқтатып, алаң маңынан Бостандық ауданы полиция басқармасына жеткізген. Морозовтың айтуынша, оны полицияда сегіз сағат ұстаған.