Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге қол қоюға дайын емес деп жазды сенбі күні Украина билігіндегі дереккөздерге сүйенген France-Presse агенттігі.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолтц жұма күні Зеленский "жақын арада келісімге қол қояды" деп мәлімдеген еді. Дональд Трамптың өзі сенбі күні Мэрилендте консерваторлардың жиынында АҚШ "келісімге қол қоюға жақындады" деп айтқан. Ол АҚШ миллиардтаған доллар әскери көмекті қайтарғысы келетінін қайталаған. Вашингтон сирек металл түрлерін, мұнай немесе "алуға болатын нәрсенің бәрін алғысы" келеді деді Трамп. Бір мезгілде ол келісімді Украинадағы соғысты тоқтатуға талпыныс қадамдарының бірі деп атады.
"Украина президенті жобаны қазіргі қалпында қабылдауға дайын емес. Біз әлі де өзгерістер енгізуге тырысамыз" деді жағдайдан хабары бар дереккөз AFP агенттігіне.
The New York Times басылымының жазуынша, Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алған, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді. Мұндай талаптар алдыңғы нұсқада да болған.
Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.
The New York Times басылымының жазуынша, келісімнің жаңа нұсқасында Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру бойынша нақты міндеттеме жазылмаған. Жобада АҚШ Украинаға экономикалық тұрғыда дамуына көмектесу үшін ұзақмерзімді қаржылай көмек бермек деп жазылған.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент сенбі күні Financial Times басылымындағы мақаласында Вашингтон мен Киев арасындағы экономикалық әріптестік екі елге бірдей пайдалы деді.
- Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
- Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.
- АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер екі ел басшыларының барған сайын қатқыл мәлімдемелері тұсында жүріп жатыр. Жақында Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атаған. Ол сонымен бірге Украинадағы бейбіт келіссөздерге Зеленскийдің қатысуы аса маңызды емес деп мәлімдеген. Зеленский Трамптың «жалған ақпарат кеңістігінде» өмір сүріп жатқанын айтқан. Жағдайға Киев пен Еуропа елдері алаңдап отыр.