Алматы қаласының әкімшілік соты 3 наурыздың кешінде феминист-белсенді Ақторғын Ақкенжебаласын 10 тәулікке қамады. Бұл туралы Feminita бастамасы өзінің Instagram-парақшасында хабарлады.
Сот оны әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-тармағы (бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу) бойынша кінәлі деп тапқан.
Feminita бастамасының сөзінше, Ақторғын Ақкенжебаласын 2024 жылғы мамырда өткен шеруге қатысқаны үшін жауапқа тартқан. Билік мақұлдамаған ол шеруді осы Feminita бастамасының феминист-белсенділері ұйымдастырған. Алматыдағы Арбатта өткен шерудің қатысушылары бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты өмір бойына қамауды талап еткен. Экс-министр әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, 24 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ақторғын Ақкенжебаласы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қамалып отыр. 28 ақпанда дәл сол былтырғы шеруге қатысқаны үшін Feminita бастамасының негізін қалағандардың бірі Жанар Секербаева да 10 күнге қамалған.
Ақпан айында Feminita өкілдері Алматыда іс-шара өткізіп жатқанда сырттан келген бір топ адам оны тоқтатпақ болғанын айтып шағынған. Желіде тараған видеоға қарағанда, қонақ үй ішінде өтіп жатқан шараға Rahym қорынан келген әйелдер басып кіріп, есікті сындырмақ болған. Feminita белсенділері мен қонақ үй өкілдері шабуылдаушылардың үстінен шағым түсірген. Әзірге олардың жауапқа тартылғаны туралы хабар жоқ.
Осыған дейін Алматы соты Ақторғын Ақкенжебаласына 22 қаңтарда жалғызкісілік пикет өткізгені үшін 196 600 теңге айыппұл салған. Белсенді пикетті Qaznews сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдау үшін ұйымдастырған.