Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы дерекке сәйкес, хабарламадағы адамның аты-жөні, жеке дерегі сәйкеседі.
Нығматулинге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іздеу салған. Әзірге агенттік те, прокуратура да оның қандай әрекеті үшін күдікке ілінгенін хабарлаған жоқ. Іздеу 3 наурыз күні жарияланған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Нығматулин А.З. күдікті деп танылды, сот санкциясымен оны қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасы анықталды. Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен оған іздеу салынды» делінген құқықтық статистика органының сайтында.
69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы «Жылжымайтын мүлік орталығын» басқарған. Ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет баласына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Ол Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.
Оның егізі Ерлан Нығматулин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы «Дубайдағы Қазақстан» зерттеуінде Нығматулиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматулиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматулин Азаттық тілшісіне «қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма» деп жауап берген еді.
Арғын Нығматулин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан: қазіргі және бұрынғы депутаттар