АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында кино саласындағы мәртебелі "Оскар" сыйлығының жеңімпаздары жарияланды. Үздік фильм – режиссер Шон Бейкердің "Анора" дейтін комедиялық драмасы. Бейкердің өзі үздік режиссер атанды.
"Анора" фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Майки Мэдисон үздік актриса атанды. Бұл фильм сондай-ақ "Үздік түпнұсқа сценарий" және "Үздік монтаж" номинациясын да алды.
Брэди Корбеттің "Бруталист" ("The Brutalist") дейтін фильмінде архитектор Лазло Тотаны сомдаған Эдриан Броуди "Үздік актер" деп танылды. "Екінші пландағы үздік ер адам рөлі" номинациясы Киран Калкинге ("A Real Pain") бұйырды. "Екінші пландағы үздік әйел рөлі" сыйлығын "Эмилия Перез" ("Emilia Pérez") фильміндегі рөлі үшін Зои Салдана алды.
Кино академиясы "Үздік бейімделген сценарий" номинациясын Эдвард Бергердің "Конклав" ("Conclave") фильміне берді.
Базель Адра мен Юваль Абрахамның "Басқа жер жоқ" ("No Other Land") дейтін туындысы үздік деректі фильм атанды. "Үздік қысқаметражды деректі фильм" номинациясы "Оркестрдегі жалғыз қыз" ("The Only Girl in the Orchestra") фильмін түсірген Молли О’Брайэнге табысталды.
Үздік толықметражды анимациялық фильм – "Ағыс" ("Flow"). Оны латвиялық режиссер Гинтс Зилбалодис түсірген. Ирандық "В тени кипариса" үздік қысқаметражды анимациялық фильм деп танылды. Оны Хоссейн Молаеми мен Ширин Сохани түсірген.
Америкалық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының бұл сыйлығы 1929 жылы тағайындалған. 1940 жылдардан бастап "Оскар" деп аталды. Сыйлық жыл ішіндегі үздік кино туындыларға беріледі.