Жексенбі, 2 наурыз күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы бір үйде жеті адам газдан уланып қаза тапты. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған бала. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің айтуынша, опат болғандар – бір отбасының мүшелері. Бәрі де оқиға орнында көз жұмған.
"Қаза тапқандар – Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары" деді әкімдік.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан болған.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде" деді облыстық ТЖД.
Маңғыстау облысы әкімдігі оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын, оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқаратынын мәлімдеді.
Бір апта бұрын, 24 ақпанда дәл осы Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылдық округы Қаламқас тұрғын үй алабында төрт адам газдан уланып, оның үшеуі көз жұмған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлаған. Агенттік содан бір айдан астам уақыт бұрын осы облыста бес адамға газдан уланғанын, бірақ бәрі де дәрігерге жүгінген соң, үйіне қайтарылғанын жазған.