Тәшиев: Қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау ісі бір ай ішінде аяқталмақ

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Қамшыбек Тәшиев

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасы Қамшыбек Тәшиев қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау жөніндегі келісім 27 ақпанда парламенттің салалық комитеті қарауына ұсынылады деді. Бұл жөнінде ол Баткенде жаңа стадионның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мәлім етті.

«Мұнан кейін [Қырғызстан мен Тәжікстан] президенттері қол қояды, содан соң қайтадан Жогорку кенешке жіберіп, жиында ратификациялаймыз. Ратификацияланған заңдарға президенттер қол қойып, күшіне енеді. Бұл жұмыстың бәрі бір айдың төңірегінде бітеді» деді Тәшиев.

21 ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан үкімет делегацияларының басшылары Қамшыбек Тәшиев пен Саймумин Ятимов екі ел арасындағы шекараны делимитациялау бойынша бірлескен комиссия бұл бойынша толық келісімге келгенін айтқан.

Сол күні үш құжат қабылданды. Олар: Қырғыз-тәжік шекарасы жөнінде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келісім; екі ел арасында автокөлік жолдарын салу және оларды пайдалану жөніндегі келісім; су шаруашылығы және энергетика нысандарына кіруге жол беру жөніндегі келісім.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарулы жанжал ондаған адамның өмірін қиды

Екі ел арасындағы шекара ұзындығы – 972 шақырым. Шекара нақтыланбағандықтан мұнда су, жер, жол және жайылым бойынша дау болып, кикілжіңге ұласқан жағдайлар жиі болады. Ең үлкен қақтығыстар 2021 жылғы сәуір-мамыр айларында және 2022 жылғы қыркүйекте болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайғы-қасірет әкелген қарулы жанжал. Қайталануы мүмкін бе?