Украина президенті Владимир Зеленский 24 ақпанда Киевте өткен "Украинаны қолдаймыз" деп аталған саммитте ондаған мемлекеттің басшысын қарсы алды.
"Лидерлер, онлайн да, оффлайн да біздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды қолдап жатыр. Бұл Ресейдің Украинаға қарсы негізсіз, қылмыстық соғысы екенін бәріміз түсіндік" деді Зеленский.
Ол Киевте 13 мемлекеттің лидерімен кездесті. 20-дан астам ел басшысы жиынға онлайн қатысты.
Бұл саммит АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа әкімшілігінің соғысты тоқтату бойынша жаңа дипломатиялық бастамаларынан кейін өтіп жатыр. Вашингтон мен Мәскеудің Сауд Арабиясында өткен келіссөздерінен кейін Украина мен Еуроодақ өзіне тиімсіз келісім қабылданады деп қауіп еткен.
"Соғысты бастаған – Ресей" деді саммитке онлайн қатысқан Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер.
Ал Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен жиында Украинаға "құрал-жабдық пен оқ-дәрі жеткізу тездетілетінін" және 3,5 миллиард долларлық жаңа жәрдем көрсетілетінін айтып уәде берді.
Испания үкімет басшысы Педро Санчес те 1 миллиард долларлық әскери жәрдем мен құрал-жабдық жөнелтетінін айтты.
Ал Канада премьер-министрді Джастин Трюдо Киевке жаңа әсер жіберетінін және Ресейдің бұғатталған активтерін Киевке беретінін айтты.
24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл болды. Ресей президенті Владимир Путин соғыс ашқандағы мақсаты Украинаны "денацификациялау" және "демилитаризациялау" деді және өздерін "Донецк халық республикасы" ("ДХР") және "Луганск халық республикасы" ("ЛХР") деп атаған жікшіл аймақтарды "геноцидтен қорғау" деп атады. Бірақ Мәскеу бұл тұжырымдарын лайықты түрде негіздеп берген жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5
"Жанып жатқан үйіңе қарап тұрғандайсың". Азаттықтың майдан өтіндегі журналистері соғыстың үш жылы туралы