Коста-Рика билігі АҚШ-тан депортацияланған мигранттардың бір бөлігін қабылдады, арасында қазақстандықтар да бар деп жазды жұма күні Reuters агенттігі. Бұған дейін Коста-Рика билігі түрлі елдерден келген 200 шақты азаматты уақытша орналастыру жөнінде Вашингтонмен келісімге келген. Алғашқы лекпен келгендердің арасында Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Иордания, Қазақстан және Гана азаматтары бар.
Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың көші-қон саясатын қатаңдату бағытында өзге елдермен әріптестік орната отырып, мигранттарды өз елдеріне күштеп қайтару операциясының бір бөлігі.
АҚШ-тан депортацияланғандардың соңғы тобы Сан-Диего (Калифорния штаты) қаласынан ұшақпен Коста-Рика астанасы Сан-Хосеге жеткізілген, ол жақтан олар Панамамен шекарадағы көші-қон орталығына автобуспен жөнелтілген.
Коста-Риканың қауіпсіздік вице-министрі Омер Бадилла келген мигранттар елде бір ай тұра алатынын айтты. Осы уақыт аралығында билік оларды елдеріне өз еркілерімен қайтаруға көмектеседі. Вице-министрдің сөзінше, көбі өз елдеріне қайтқысы келеді. Ал барғысы келгендердің жағдайы жеке қаралмақ.
Осы апта ортасында Коста-Рика билігі АҚШ-тан депортацияланған 200 мигрантты өз елдерінде орналастыруға келіскенін хабарлаған.
АҚШ-та заңсыз мигранттарды ұстау және депортациялау бойынша ірі рейдтер Трамп Ақ үйге келген аптаның соңында, яғни 26 қаңтарда басталған еді. Көші-қон және кеден полициясының (ICE) мәліметінше, алғашқы екі күнде елде 2 мыңнан астам адам ұсталған.