Accessibility links

"Айлығымыз шайлығымызға жетпейді". Жаңаөзенде TES Service жұмысшылары ереуілге шықты


Жаңаөзендегі TES Service Company жұмысшылары ереуілге шығып, жалақыны көбейтуді талап етті. 4 наурыз 2024 жыл.
Жаңаөзендегі TES Service Company жұмысшылары ереуілге шығып, жалақыны көбейтуді талап етті. 4 наурыз 2024 жыл.

Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" ұлттық компаниясына қызмет көрсететін Tes Service Company мекемесінің жұмысшылары наразылық жасап, жалақыны көтеруді талап етті. Компания құрылтайшысы ереуілден хабардар екенін, бірақ жұмысшылардың талабына келіспейтінін айтады.

ЕРЕУІЛШІЛЕРДІҢ ҮНІ

Наразылар арасында еден жуушы, аула тазалаушы, электрик, сантехник сынды мамандар бар. Олар "Қазмұнайгаздың" сервистік компанияларындағы жұмысшылардың жалақысына шамалас айлық төлеуді талап етеді.

– Біз мұнайшыларға қызмет көрсетіп отырмыз ғой. Кәдімгідей жуып, тазалап, бәріне көмектесіп, қарап отырған адамбыз. Бізге еш көмек жоқ. 15 жылдан бері істейміз. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Кешеден бері ереуілдеп тұрмыз. Бізге ешкім келген жоқ. Енді бүгін келеді дейді. Білмеймін. Кіл әйел адам ғой, 500 әйел адам бар. Соның жанайқайы, – дейді TES Service Company қызметкері Орынша Нұрбаева.

Наразы жұмысшылардың айтуынша, негізгі жалақы 120-130 мың теңге шамасында, түскі тамақ ақысымен қосқанда 220 мың теңге шығады.

КОМПАНИЯ БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық Жаңаөзен әкімдігіне хабарласты. Баспасөз қызметі жауап береміз дегенімен, жаңалық шыққанша жауап келген жоқ. Ал жұмысшылар істейтін TES Service компаниясының құрылтайшысы Талғат Елеуіпов наразылар талабына келіспейді. Ол жалақы көлемі Өзенмұнайгаздың тендерінде бекітілген тариф негізінде төленеді дейді. Елеуповтың сөзінше, наразылық мекемедегі жұмысқа әсер етпеген. "565 адамның жүзден астамы тұр. 400 адам жұмысын жалғастырып жатыр" деді ол.

– Талаптары орынды ма, орынсыз ба, заңды ма, заңсыз ба – айта алмаймын. Бізде тендерде қандай жалақы қойып тұр, соны береміз. Бұл олардың бұрыннан келе жатқан жанайқайы екен. Кеше туындаған нәрсе емес. Біз тендерді ұтып алдық. Біз “Өзенмұнайгаздың” қойған тарифі бар, біз соны береміз деп тұрмыз. Олар “тарифке келіспейміз, азғантай ақша” дейді, – дейді ол.

Елеуіпов қазір жалақыны көтеруге мүмкіндік жоғын айтады. Оның сөзінше, алдағы айлардағы жұмысқа қарап, жалақыға 10 мың теңге қосу ұсынылған, бірақ жұмысшылар оған көнбеген.

– Одан басқа қоя алмаймын ғой, менде өзім пайда көрмесем, не істеймін? – дейді ол.

Ереуілге шыққан Орынша Нұрбаева мәселе жергілікті деңгейде шешілмесе, астанаға баратынын айтады.

Ресми дерек бойынша, TES Service Company жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2013 жылы құрылған, 2018 жылы қайта тіркеуден өткен. Құрылтайшысы Талғат Елеуіпов болса, жетекшісі Нұрлан Жұмалиев.

Бизнес-аналитик сайтының дерегінше, компания 2024 жылы 203,8 млн теңге, 2023 жылы 135,6 млн теңге, 2022 жылы 100,8 млн теңге салық төлеген.

Жаңаөзен қаласы орналасқан Маңғыстау облысы Қазақстанның мұнайлы өлкесі саналады. Кейінгі жылдары бұл облыста жұмысшылар ереуілге жиі шығады. Әр ереуіл әртүрлі жолмен тарады. Әдетте тараптар мәмілеге келіп, компания басшысы ұсынған қосымша жалақыға келіседі. Кейде жұмысшылар Астанаға дейін жетіп, соңы жаппай ұстаумен аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG