15 ақпан күні Совет әскерінің Ауғанстан жерінен толық шығарылғанына 36 жыл толды. 1979 жылғы желтоқсанның аяғында қызыл әскер Ауғанстанға басып кіріп, арты 10 жылға ұласқан соғысқа айналды. Бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін күл-талқан қылды. Елге зор қайғы-қасірет әкелген мемлекет пен оның әскері ешкімді бейжай қалдырмады. Кремльдің бұл қадамы соғысқа дейін ауған элитасы болған, үлкен қызметтер атқарып, бақуатты өмір сүрген адамдар мен олардың туыстарының өзегін өкініш пен ащы ыза кернеді. Бірақ олардың арасында кекті кеңшілдікке жеңдіріп, кешіре білгендер де бар. Бұл әңгіме сондай азаматтардың бірі Әмин Тарзи жайлы болмақ.
1986 жылғы 10 ақпанда Нью-Йорктегі Колумбия университеті Журналистика факультетін тәмамдап жатқан Джулия Грау магистрлік жұмысын өткізеді. Магистрлік жұмысы – "Нью-Йорктегі ауған аристократиясы" деп аталатын көлемді мақала еді. Кейіпкері: орта жастан асқан ауған әйелі Мария.
"Марияның анасы [зәулім] сарайда өскен. Әкесі Ауғанстанның 18 мемлекеттегі елшісі болған. Күйеуі 1979 жылы Совет Одағы басып кіргенге дейін сауда министрі болған" дейді Грау ханым кейіпкердің күйеуі қандай лауазым атқарғанын баяндап. "[Мария] Ауғанстанда қалса, түрмеге қамалып, бәлкім өлім жазасына кесілер ме еді. Өйткені ол Мұхаммадзай әулетінің өкілі еді. Бұл әулет – елді 19-ғасырдың басынан бері басқарған билеуші топ".
Журналистің жазуына қарағанда, 50 жастағы Мария 1980 жылы ұлымен бірге Нью-Йоркке келіп, бар болғаны үш апта ішінде жүк сөмкесін сататын дүкенге жұмысқа тұрған. Сөйтіп жаңа өмірге бейімделе бастаған. Бірақ Нью-Йорктегі ауған қауымының ішінде Мұхаммадзай әулетіне өкпелі адамдар көп болып, олар елдің күйреуіне осы әулет кінәлі деп санаған. Сол себепті әулет өкілдері жанжал-қақтығысқа кезігуден сақтанып, өз тобына жатпайтын ауғандармен араласпауға тырысқан.
Мұхаммадзай әулеті Ауғанстанды бірнеше ғасыр билеген Баракзай тайпасына жатады. АҚШ-қа қоныс аударған ауғандар арасында осы әулет өкілдерінің жағдайы парадокске толы дейді Джулия Грау.
"Дәстүрлі жоғары әлеуметтік статусын сақтай алғанымен, экономикалық тұрғыда төмен деңгейлі қызмет атқаруға мәжбүр болды. Көбі кәсіби біліктілігін куәландыруда қиындыққа тап болып, бірақ жоғары біліктілікті қажет етпейтін қарапайым жұмыс істеуге намыстанды. Сөйтіп жұмыссыз қалғанды құп көрді. Ал олардың әйелдері мен қыздары әлдеқайда бейімделгіш болып шықты. Олар беттің арын белбеуге түйіп, отбасын асырау үшін қолға түскен бірінші жұмысқа кірісіп кетті" деп жазды журналист.
Автор кейіпкердің студент ұлы Әмин Тарзи жайлы да сөз еткен. Куинз-колледжде білім алатын Әмин отбасына көмектесу үшін оқудан тыс уақытта электроника дүкенінде жұмыс істеген.
"Ғажап өмір кештік" деп келтіреді Әминнің сөзін Грау ханым Тарзи әулетінің Кабулдегі дипломатиялық ауданда орналасқан үйін сипаттай отырып. Марияның ұлдары Әмин мен Ғауыс француз мектебінде оқыған, ал үйінен түрлі елшіліктен келетін қонақ үзілмеген. Мемлекет бұл отбасыға жеке көлік пен жүргізуші тағайындаған, үйінде күтушілер мен бағбандар жұмыс істеген.
Джулия Грау бұл мақалада одан әрі Тарзилердің Нью-Йоркке қалай үйренгенін, жаңа әлемде қандай қиындықтарға тап болғанын, Ауғанстандағы жағдайға көзқарасын баяндайды.
Арада тура отыз жыл өткенде Әмин Тарзиге Колумбия университеті Журналистика факультетінің тағы бір түлегі хабарласты.
***
Бес жыл бұрын Нью-Йоркте оқып жүргенімде, совет өкіметі тұсындағы ашаршылық жылдары қазақ жерінен Ауғанстанға қашып, 50 жылдан соң Совет әскері сол елге басып кіргенде тағы да бас сауғалап, АҚШ-тан бір-ақ шыққан Әсия Сардарбек туралы көлемді зерттеу мақалама деректер жинастырдым. Ол кезде жасы жүзден асып қалған әжейдің үйіне екі рет барып, бірнеше күн қасында болып, естіп, ойға түйгенімнен мақала жазуға кіріскенімде бір нәрсе жетіспей тұрғандай болды. Мақалама Ауғанстан жөніндегі сарапшымен сұхбат керегін аңғардым. Университет кітапханасында Таяу Шығысқа маманданған қызметкерлер бар деп естігем. Солардың бірі Питер Магиерски болатын. Ол маған бір кісіні атап, "мені таниды, мен жіберді деп айта бер" деді.
Вашингтон түбіндегі Теңіз әскері корпусы университетінде Таяу Шығыс бөлімінің жетекшісі екен. Электрон поштасына Әсия Сардарбектің хикаясын баяндап, қысқа сұхбат берсеңіз деп қолқа салып, хат жаздым. Жауап берді.
"Сіз жазған қазақ әйелін танымайтынымды мойындауға мәжбүрмін. Бірақ оның өмірі менің өміріммен сабақтасып жатыр екен" деп жазды Әмин Тарзи.
Қазақ әйелінің қилы өмірі көкейдегі шерін қозғады ма, сарапшымен сұхбат жеке өмір құпиясы мен ішкі сыр ақтарылған көлемді әңгімеге ұласты.
Әминнің сөзінше, анасының әжесі Замарод Қоқан хандығында өмір сүрген тәжік отбасында өмірге келген. Ресей империясының құлашы Қоқан хандығына жеткен кезде әлі бала екен. Анасының ата-бабасы жас қыздары орыстың шылауында кете ме деген қорқынышпен Ауғанстанға қашқан.
– Елінен кеткенде 10 жасқа да толмапты. Анам оның Бадахшанға өзен арқылы қалай қашқанын айтқаны есімде. Суға қарбыз тастап, сол қарбыз арқылы ауа жұтып жүзіп өтіпті. Жұрт су бетінде қалқыған қарбыз болар деп назар аудармайды екен. Сөйтіп Бадахшанға жетіп, сол жерде өте жастай тұрмысқа шыққан – деді ол.
Әсия Сардарбек туралы мақаланың тақырыбы да, заты да "совет әскерінен екі рет қашып, аман қалған адам" жайлы еді. Әмин Тарзи өз өмірі де осыған ұқсас жолмен өрбігенін айтып берді.
– Мен 1964 жылы Чехославакияда дипломаттар отбасында тудым. 1968 жылы менің отбасым "Прага көктемін" советтер басып-жаншығанда елден кетуге мәжбүр болды. Сол себепті мен советтен екі рет қашқам деп әзілдеймін. Ауғанстанға оралып, 1980 жылы ол жақтан да кетуге тура келді – деді ол.
Ол кезде қазіргі Чехия мен Словакия елдері бір мемлекет болып, Совет Одағының сателлиті саналатын. 1968 жылы онда еркіндікке ұмтылған "Прага көктемі" реформасы жүзеге асырыла бастады, Мәскеу оған жол бермес үшін бұл елге әскер кіргізген. Жергілікті халық бейбіт қарсылық танытқан, қақтығыстар да болып, салдарынан екі жақтан да жүздей адам қаза тапқан.
Жаман болсын, жақсы болсын – әйтеуір еліміз бар еді.
Бірақ Прагадағы оқиғадан кейін де Әмин Тарзидің бойында Совет Одағы туралы жағымсыз көзқарас пайда бола қоймаған.
– Жас кезімде Совет Одағын жақсы көретінмін. 1978-79 жылдар туралы айтып отырмын. 13-14 жасар шағым. Менің отбасым елді билеуші топтың өкілдері болатын. Ал мен теңдік туралы ойланатынмын. Тіпті Лениннің кітаптарын да оқыдым. Парсы тіліндегі аудармасын тарататын. Әкем маған әрдайым: "Сен Ленинді жақсы көресің, бірақ ол өте жаман адам" дейтін. Менің түсінігімде ол көтерілістің, социалистік идеяның, коммунизмнің жақтасы болатын. Осындай түсінікпен жүргенде советтердің Ауғанстанға келгені, олардың бізге істегені көңілімді қатты қалдырды. Біз тамаша көршіміз деп ойлағам. Саяси тұрғыдан ауыр болды. Отбасыма өте ауыр тиді. Билік басында тұр едік, бас сауғалайтын күйге түстік. Көптеген туысымыздан айырылдық. Отбасым Ауғанстаннан кетерміз деп ешқашан ойламаған. Қолында бәрі бар адамнан дымы жоқ кісіге айналдық. Жаман болсын, жақсы болсын – әйтеуір еліміз бар еді. "Бұл тұрақсыздықтың қажеті қандай? Мен Лениннің идеясын ұнатушы едім ғой" деп көп ойландым. Бұл философиялық сұрақ еді. АҚШ-қа келгенде марксизм философиясын оқыдым. Әбден абдырадым, – деді ол.
***
Әминмен сөйлескенде оның әсершіл, идеалист, пәлсапа сүйер адам екенін байқауға болады. Қандай да бір тақырыпта сөз айтса, жан-тәнімен беріле сөйлейді, кей сәтте көңілі босайды. Қойған сұрағыңызға өз өміріне, болған жайттардан көптеген мысал келтіріп, сыр шертіп, бастапқы сұрағыңызға оралады да, жауабының түйінін айтады.
Ол – Куинс-колледждегі оқуы (1980 жылдары) бойынша саясаттанушы әрі философ. 1991-1992 жылдары Миддлбери колледжінде араб тілін оқып, Нью-Йорк университетінде Таяу Шығыс ілімі бойынша докторантурада білім алған. Бұл жайттар Әминнің тәні Батыста болып, жаны Шығысқа тартқанынан хабар беретіндей.
Ауғанстан тарихын, саясатын жетік білетін бұл адамнан көлемді сұхбат алғаныммен, диссертацияға одан бір ғана абзац кірді: оның өмірі бөлек тақырыпқа татитындай көрінді. Бірақ бөлек тақырып жазылмай қалған еді. Ал сол бес жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Келесі жылы COVID-19 індеті бүкіл әлемге жайылып, адамзат өмірін астаң-кестең қылса, 2021 жылғы тамызда АҚШ Ауғанстаннан өз әскерін алып кетіп, санаулы күнде елде билікке "Талибан" келді. Қараша айында диссертациямның кейіпкері болған Әсия Сардарбек дүниеден өтті. Кейінірек бұл кісі туралы Азаттық радиосы 1980-жылдардың басында-ақ хабар бергенін білдім.
2022 жыл Қазақстандағы Қаңтар оқиғасымен басталып, бір жарым айдан кейін Ресей Украина басып кірсе, 2023 жылы күзде Әзербайжан армян көп тұратын жікшіл Таулы Қарабақ аймағын әскери жолмен қайтарып алды. Қазан айында "ХАМАС" радикал тобы Израильге тұтқиылдан шабуылдап, артынан Израиль Газа секторында қарулы топқа қарсы жойқын операция бастады. Екі жақ биыл қаңтарда ғана бітімге келгендей болды.
Осы оқиғалардың ішінде Украинадағы соғыс қана әлі аяқталған жоқ. Мәскеу санаулы күнде Киевті аламын деп бастаған бұл соғыс төртінші жылға ұласпақ.
Украинадағы соғысты ойлағанда еске Әмин Тарзи түсе берді. Оның да еліне бөтен елдің әскері себепсіз басып кіріп, ойран салған. Қаншама жазықсыз адам қаза тапқан, миллиондаған адам қонысын тастап, бас сауғалап босып кетуге мәжбүр болған. Сөйтіп Әминмен бес жылға ұласқан сұхбатымды қағазға түсірейін деп шештім.
Бұрын аңғармаппын: 2000 жылдары ол Азаттық радиосына жұмыс істеген екен. 2004-2007 жылдары Азаттықтың ағылшын тіліндегі сайтында мақалалары шығыпты.
Әминнің өзіне қосымша сұхбат сұрап хат жазып қойған соң, Азаттық радиосында Әминмен жұмыс істескен адамдарды іздедім. Азаттық радиосы Ауған қызметінің журналисі Зариф Назар мен Орталық Азия жайлы тақырыптарды қозғайтын "Мәжіліс подкаст" жобасының авторы Брюс Панниер Әминді танитынын айтты.
– Әмин советтер кезінде не болғанын көрген адам. Содан бері ол жақта не болып жатқанын жіті бақылап отырды. Ауғанстанда кімнің кім екенін біледі. Мен білетін Әмин жігерлі, дүниеге үміт көзімен қарайтын адам болатын. Ол жұрт Ауғанстанды, оның тарихын жақсырақ білсін деп жанын салатын. Ауғанстанмен жұмыс істеу не үшін маңызды екенін жеткізгісі келетін, – деді Панниер.
Ал Зариф Назар Әминнің атасы болып келетін Махмұд Тарзи өз заманында ауған журналистикасының негізін қалаған адам болғанын айтып берді.
– Махмұд Тарзи Дамаскіде тұрып, 1901 жылы Ауғанстанға оралған соң Seraj al Akhbar дейтін ("Жаңалық алауы") газет шығарған. Бұл – Ауғанстанда жарық көрген алғашқы газет болатын, – деді ол.
Махмұд Тарзи – Әминнің арғы атасының туған бауыры.
АУҒАНСТАН ЖӘНЕ ТАРЗИ ӘУЛЕТІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
Ауғанстан Қазақстан секілді құрлықпен қоршалған ел. Алты мемлекетпен шектеседі: шығысында Қытай, оңтүстік-шығыстанда Пәкістан, батысында Иран, солтүстігінде Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан жатыр. Көп ұлтты мемлекет. Бірақ пуштундар үлесі басым. Тәжік, өзбек және хазаралар да көп. Ондаған шағын ұлттар қатарында қазақтар да бар. Советтің ұжымдастыру саясаты салдарынан болған ашаршылық кезінде атамекенін тастап босып кеткен көп қазақ осы елді паналаған.
Дереккөздерге қарасақ, Батыс зерттеушілері Ауғанстанды Орталық Азияға жатқызатыны байқалады. 1990-жылдардан бері осы аймақтан хабар таратқан Брюс Панниердің айтуынша, мұның өз қисыны бар.
– Ауғанстанның солтүстігінде кім тұратынын қараңыз. Көбі түркімен, өзбек және тәжік. 19-ғасырға дейінгі уақытта ол жерде пуштундар болмаған да. Кейінірек ел үкіметі пуштундарды солтүстікке көшіре бастады. Аймақ тарихына үңілсеңіз, Махмұд Ғазнауи бар, басқасы бар – олардың империялары Әмудария өзенінің екі жағын да қамтыған. Яғни бұл империялардың жерлері жартылай Ауғанстанда, жартылай Орталық Азияда жатқан. Сол себепті Ауғанстан Орталық Азияның бөлігі деп қарастыруға болады, – деді ол.
19-ғасырда Ауғанстанды өз аумағына қосуға Британия империясы да, Ресей империясы да қатты құштар болған. Екеуі де бұл елді отарлаған жерлерінің жалғасы деп көрген. Қазіргі Пәкістан мен Үндістан жері Британияға қараса, Орталық Азиядағы бұрынғы совет республикалары Ресейге қараған.
Брюс Панниердің айтуынша, Ресей империясы Ауғанстанды Үндістанға апарар жол деп көрген.
– I Петр кезеңіне, я болмаса I Александр билеген тұстағы Ресей империясына үңілсеңіз, 19-ғасырдың басында Ресей Үндістанға жетер жолды іздегенін көресіз. Тарихи құжаттарға қарасаңыз, Ресей бай жер саналған Үндістанды басып алуды расымен қарастырған. Шығысқа барса, Тянь-Шань және Памир таулары тұр. Яғни үлкен әскерді бұл шекарадан өткізе алмайсыз. Сол себепті олар тасымалға жеңілдеу болатын жер іздеген. Әрине, онысы британдарды алаңдатпай қоймаған, – деді Брюс.
Ауғанстан – үшінші әлем елдері арасында тәуелсіздігінен толық айырылмаған санаулы мемлекеттің бірі. Бірақ 19-ғасырда Британия Ауғанстанға екі рет жорық жасап, соның екіншісінде "Гандамак келісіміне" қол жеткізген. 1979 жылы қол қойылған бұл келісім бойынша, Ауғанстан ішкі саясатында тәуелсіз, сыртқы саясатын Ұлыбританиямен келісіп жүргізеді. Ол үшін Лондон бұл елге субсидия төлеген.
Брюстің сөзінше, Британ империясы да, Ресей империясы да Ауғанстанды жаулап ала алмайтынын түсініп, Әмудария бойымен сызылған шекараға келіскен. Арғы жағы тұтастай Ресей қарамағында қалып, бергі жағы Британия колониясы болмаса да, соның ықпалындағы ел болып қалды. Сөйтіп Ресей империясындағы Орталық Азия мен Ауғанстан арасы алшақтай түсті. Большевиктер кезінде бұл алшақтық одан әрі ұлғайды.
Екінші ағылшын-ауған соғысынан кейін ауған билігіне әлгі Мұхаммадзай әулетінің өкілі Абдур Рахман келген. Әминнің айтуынша, Тарзи әулеті осы Абдур Рахманның немере бауыры Гулам Мұхаммадтан басталған. Бірақ бұл екеуі билікке таласып, өзара күресте бірі жеңіске жетіп, екіншісі Сирияға қашқан.
Ауған журналисі Зариф Назардың айтуынша, Абдур Рахман билікке Британ империясының ықпалымен келген, ал Гулам Мұхаммад Британияға қарсы шыққан. Мұны Әмин де растайды. Оның сөзінше, Тарзилер 1881 жылы әуелі Үндістанға қашып, ол жақта Британия үкіметінің билігінде өмір сүргісі келмей, Осман сұлтанынан Сирияны паналауға рұқсат сұраған.
– Бүкіл отбасымыз 1883 жылы Дамаскіге көшкен. Сол себепті туыстарымның арасында сириялықтар көп. Атам Сирияда туған, шешесі сириялық болған. 1901 жылы Абдур Рахман қайтыс болып, елге оралған – деді Әмин.
Абдур Рахманның үлкен ұлы Хабибулла әкесі өлгеннен кейін билікті өз қолына алып, Тарзи әулетін және өзге де интеллектуал ауғандарды елге шақырған.
Тарзилар бұл шақыруды қабыл алып, елге оралған Махмұд Тарзи Ауғанстан сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған. Кейінірек ол екі қызын Хабибулла ханның екі ұлына тұрмысқа беріп, сол екі ұлдың бірі Аманулла 1919 жылы әкесі кісі қолынан қаза тапқан соң ауған әмірі атанды.
Ал Аманулла сол жылы-ақ Британияға қарсы соғыс ашып (Үшінші ағылшын-ауған соғысы), нәтижесінде Ауғанстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан әбден қажыған Ұлыбритания бұған келісуге мәжбүр болған, бірақ одан әрі субсидия төлеуді де тоқтатқан.
СОРАЙЯ ТАРЗИ – ЗАЙЫРЛЫҚ ЖАРШЫСЫ
Әминнің айтуынша, Аманулла Түркияның сол кездегі басшысы Мұстафа Кемал Ататүрікке еліктеп, зайырлы мемлекет құруға ұмтылған. Оның бұл ұстанымына әйелі Сорайя Тарзидің ықпал еткені айтылады.
"Таяу Шығыс медиа зерттеу институтының" (MEMRI) жазуынша, Аманулла осы Махмұд Тарзидің зайырлық жайлы идеяларын ұнатқан. Ал Махмұд Тарзи бұл идеяларды Ататүріктен сіңірген. Тарзидің әйелі Асма Расмия редактор, әрі феминист болған.
1926 жылы ауған патшасы болып жарияланған Аманулла Хан әйелі Сорайяны білім министрі етіп тағайындаған. Сөйтіп ол бұл қызметті атқарған алғашқы әйел адам атанды.
Сорайя әйел мен ер теңдігі үшін күресіп, полигамияны жоюға, бала некесіне қарсы болған, әйелдер үшін зайырлы киім үлгісін қолдаған.
"Сорайя Аманулланың реформашыл күн тәртібін қалыптастыруда басым күш саналған. Ол 1921 жылы Кабулда қыздарға арналған алғашқы бастауыш мектеп – Мастурат мектебін ашқан" делінген MEMRI институтының мақаласында. 1926 жылы Ауған тәуелсіздігін атап өту кезінде кезінде Сорайя патшайым былай деген: "[Тәуелсіздік] бәрімізге бірдей тиесілі, біз оны сол үшін тойлаймыз. Еліміз үшін тек ерлер ғана қызмет етуі керек деп сенесіздер ме? Бұл іске әйелдер де атсалысуы керек. Бірақ мұны біліммен қаруланбай жүзеге асыру мүмкін емес. Сол үшін біз елге қызмет ету үшін мейлінше көп білім алуымыз қажет. Исламның алғашқы күндеріндегі әйелдер де сөйткен".
1927 жылы америкалық Time журналы прогресшіл ұстанымы үшін Сорайяны "Жылдың ең ықпалды 100 әйелі" тізіміне қосып, бір шығарылымның мұқабасын соған арнаған. Журнал әйел құқығы мен білім берудегі қадамдарын мақтап, анасымен бірге әйелдерге арналған алғашқы ауған журналын ашқанын атап өткен.
Батыс үлгісімен киіне білген Сорайя Тарзи күйеуінің шетелге сапарларында қасында болып, ресми шараларға бірге қатысқан.
Патша мен патшайымның бұл бағыты дәстүршіл ауғандарға ұнамай, 1929 жылы Аманулла биліктен тайдырылып, ерлі-зайыпты Римді паналады. Аманулла 1960 жылы Швейцарияда, Сорайя 1968 жылы Римде қайтыс болды.
Ал Ауғанстанда Аманулла билігі құлаған соң, арты азамат соғысына ұласып, Тарзи әулеті осымен екінші рет бас сауғалап қашқан.
Билікке келген Хабибулла Қалақани көп тұрмай, оның орнын Мұхаммадзай әулетінің тағы бір өкілі Надир Шах басқан. Төрт жылдан соң ол да қастандықпен өлтіріліп, оның 19 жастағы ұлы Захир Шах патша атанды.
Ауғанстанның соңғы патшасы саналған осы Захир Шах елді 40 жыл басқарды. АҚШ-та жүрген ауған азаматтарымен сөйлескенімде олар Захир шах басқарған кезең ең жайлы уақыт болған деп айтатын.
Ауғанстанда туып-өскен Азаттық тілшісі Зариф Назар да солай дейді. Бұл кезде Ауғанстан әлі да патшалық болған, яғни монархиялық басқару формасындағы ел еді.
– Патшалықтың кейінгі 10 жылында Ауғанстан демократияға жақын болды. Парламентте алуандық бар еді. Оңшылдар да, солшылдар да, барлығы болатын. Еркін пікір таластыратын. Барлығы бақытты болды деп ойлаймын, – деді Назар.
Захир Шах билігі тұсында Әминнің атасы Хабибулла Тарзи да, нағашы атасы Гулам Яхия Тарзи да дипломат болған. Екеуі де 1920 жылдардың басында ауған сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. Әмин олардың сол кезде түскен суретін көрсетті. Бұл кезде Әминнің әке-шешесі Хамидулла мен Мария әлі дүниеге келмеген.
Хабибулла түрлі жылдары Ауғанстанның Франциядағы, Жапониядағы, Қытайдағы және АҚШ-тағы елшісі болған, ауған сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, оның құдасы Гулам Яхия денсаулық министрі, пошта және телефон министрі қызметтерін атқарып, Франция, СССР, Швеция, Финляндия, Бельгия, Түркия, Австрия, Венгрия және Чехословакия мемлекеттерінде елші болған. Әмин нағашы атасы Прагада қызметте жүргенде туған.
Әминнің қос атасы да зейнетке Захир Шах тұсында шыққан.
Ауған патшасы 1973 жылы Италияда емделіп жүргенде, 1953-1963 жылдары елдің премьер-министрі болған Дауд Хан қантөгіссіз төңкеріс жасап, өз билігін орнатты да, Ауғанстанды республика деп жариялады, өзі президент атанды.
Дауд Хан – Захир Шахтың немере бауыры: әкелері ағалы-інілі адамдар. Захир Шах қарсылық танытпай, Италияда қалып қойып, бертін, 2007 жылы қайтыс болды. Ал оның төңкеріс жасап, билікке келген бауыры келесі революцияда қастандықпен өлтірілді.
Дауд Ханның билікке келуіне Совет Одағының демеуімен құрылған коммунистік партия көмектескен. Бірақ ол ел басшысы атанған соң, бір партиялық жүйе орнатып, кейінірек коммунистік партиямен арасы суып кеткен.
1965 жылы құрылған "Ауғанстан халық-демократиялық партиясы" деп аталған ауған компартиясының өзінде де ішкі тартыс көп болып, партия екі жылдан кейін "Халық" және "Паршам" болып екіге бөлінді. Тек он жылдан кейін ғана Совет Одағының ықпалымен бірігуге мәжбүр болды.
Дауд Хан бұл партиялардан күдіктеніп, олардың бірқатар мүшесін түрмеге жапқан соң, 1978 жылғы сәуірде тағы бір төңкеріс болып, билікке ауған коммунистері келді де, Дауд Хан мен оның туыстарын өлтіріп тастады.
Бірақ коммунистер билікті өз уысында ұзақ ұстап тұра алмай, елде оларға қарсылық көбейді. Сөйтіп 1979 жылғы желтоқсанның аяғында совет әскері Ауғанстанға басып кірді.
***
Әмин Джулия Граудың мақаласында совет әскері елге басып кіргенін былай суреттеген:
"Таңертең оянып, пердені ашқанда көшеде совет танкілері жүргенін көрдім. Өмірде ең қатты есеңгіреген сәт болды… Бұл елдегі өміріміз аяқталғанын түсіндік, не істейтінімізді жылдам шешу керек болды".
Бұл кезде қазір Азаттық журналисі болып жұмыс істейтін Зариф Назар да Кабулда болған. Кабул университеті экономика факультетінің төртінші курсын тәмамдап жатқан Назардың айтуынша, жұрт әуелі үрейленіп, кейін қатты наразылық білдірген.
– Бәрі қорқып қалды. Бірақ бір түні Кабул жұрты үйлерінің шатырына шығып, советтердің басып кіргеніне наразылық ретінде "Аллаху акбар!" деп айқайлады. Наразылық өте күшті болды. "Халық" та, "Паршам" да оны бақылауда ұстай алмады” – деді ол.
Джулия Граудың жазуынша, совет сарбаздары Тарзи әулетін үйінен шығармай үш күн ұстаған. Бірақ кейін сыртқа шығу мүмкіндігі туғанда, Тарзи әулеті үлкен ұлы Ғауысты америкалық достарының көмегімен Пәкістанға өткізіп жіберген. Өйткені Ғауыс марксизмге қарсы астыртын үгіт-насихат жұмыстарына қатысып, ата-анасы советтер мұны біліп қоя ма деп қорыққан.
Маған берген сұхбатында Әмин Ауғанстаннан кетуге советтер келмей тұрып-ақ дайындала бастағанын айтты.
– АҚШ елшісі әлі Кабулда еді. Отбасымыздың қадірлі досы болатын. Ол үйімізге келді. Көлігін алыстау жерге қойып кетіпті. Орыстар әлі келмеген еді. Ол бәрін білген, алайда бізге оны айтпады. Бірақ анама: "Жағдай қиындап барады, маған паспортыңызды беріңіз, мен сізге виза беремін" деді. Сол жерде, үйімізде тұрып паспорттарымызға виза қойып берді, – деді ол. Сөйтіп Әминнің екі ағасы соғыс басталмай тұрып-ақ шетелге кеткен. Үлкені қазір Калифорнияда, одан кейінгісі Оңтүстік Каролинада тұрады.
"Сәуір" төңкерісі мен совет оккупациясының арасында не болды?
"Сәуір төңкерісінен" кейін коммунистер елді "Ауғанстан демократиялық республикасы" деп атады. Билікке коммунистік партияның "Халық" фракциясының жетекшісі Нұр Мұхаммад Тараки келді.
"Халық" солшылдау болатын және мүшелерінің саны жағынан "Паршам" фракциясынан үлкендеу еді. Басында Тараки билікке қос фракцияның өкілдерін тартқан. Бірақ кейін "Паршамнан" секем алып, оларға қарсы репрессия бастаған. Советтердің демеуімен "Паршамның" жетекшісі Бабрак Кармал Чехословакияға елші болып кетті.
Бір жылдан кейін Таракиге фракциялас серігі Хафизулла Әминнің өзі қарсы шықты. 1979 жылғы қыркүйекте елде төңкеріс болып, Хафизулла Әмин билікті тартып алды да, Таракиді өлім жазасына кесті. Ал Мәскеу Хафизулла Әминді сенімсіз серіктес көрді. Ол Ауғанстанды тұрақсыздыққа итермелеп, Совет Одағының мүддесіне қайшы жұмыс істейді деп ойлады. Сөйтіп 27 желтоқсанда "Дауыл-333" деп аталған операциясын бастап, Хафизулла Әмин отырған "Тәжі-Бек" сарайын басып алды да, оны атып тастады. Орнына Чехословакияда жүрген Бабрак Кармалды қойды. Мұның арты соғысқа ұласты.
Әминнің әкесі Хамидулла Тарзи – АҚШ-тағы беделді оқу орны Беркли университетінің түлегі, сонда экономиканы оқыған. Советтер келгенде Хамидулла Ауғанстан сауда министрінің орынбасары еді. Мемлекеттік қызметкер болған соң, советтер оны бірден қамап тастап, кейінірек босатқан, бірақ үйден шықпай, саяси белсенділіктен аулақ болуын талап еткен.
Мен ешқашан жасөспірім болып көрмедім. Мұның нені білдіретінін білесіз бе?
Әминнің айтуынша, Хамидулла Ауғанстанда қалатынын айтып, әйелі мен баласының АҚШ-қа барып бас сауғалағанын құптаған. Өзі кейінірек баратынын айтып, сол күні елде қалып қойған.
– Ауғанстаннан 1980 жылғы 16 наурызда кеттім. Оны ешқашан ұмытпаймын, – деді маған Әмин 2019 жылы сұхбат бергенде. – Совет Одағы маған, менің әулетіме көп қиянат жасады. Туыстарымыздан айырылдым. Әкемді 16 жыл көрмедім. Бір айтарым, мен ешқашан жасөспірім болып көрмедім. Жасөспірім болу не екенін де білмеймін. Мұның нені білдіретінін білесіз бе? Ешқашан алаңсыз өмір кешпедім. Бұл елге бірде-бір ағылшын сөзін білмей, ақшасыз келдім. Өмір сүруді қайтадан үйренуге мәжбүр болдым.
Әмин мен Мария АҚШ-қа жеткен соң Хамидуллаға екі жыл бойы хат жазып, жауап болмаған соң, араларында байланыс үзілген.
Әминнің сөзінше, Ауғанстаннан әлі кете қоймаған күндердің бірінде совет жауынгері оған қару кезеп, оқ атқан.
– Мынау Калашников [автоматының] оғы. Біз жасырынып жүретінбіз. 17-18 жасар орыс сарбазы маған оқ атты, бірақ мүлт кетті. Мен сол оқты тауып алдым. Ол бала мерген болғанда, мен қазір сөйлеп отырмас едім, – деді ол өз үйінің қастерлі төрінде осы оқ пен ауған жерінен алып кеткен бір уыс топырақты сақтап отыратынын айтып.
***
Зариф Назар ауған елі 1978 жылғы Сәуір революциясынан кейін-ақ коммунистерге қарсы болғанын айтады.
– Олар көп нәрсені күштеп таңуға тырысты. Тараки "біз феодализмнен бірден социализмге" аттап кеттік дейтін. Бірақ халық оған сенбеді, дайын болмады. Олар Батыс елдеріндегідей демократ емес еді, көппартиялыққа, еркін баспасөзге және сайлауға жол ашпады. Сондай-ақ, дінге қарсы еді – деді ол.
Осы қарсылық тұсында Ауғанстанда "мұжахидтер" ("әділдік үшін күресушілер") дейтін діншіл топ пайда болды. Олар билікке келген "Ауған халық-демократиялық партиясына" қарсы партизандық жолмен күресе бастады. Пәкістан бұл топты паналатып, оларға қолдау көрсеткені белгілі.
Бұл Совет Одағының үрейін одан бетер ұшырды. Оның үстіне 1979 жылы Иранда төңкеріс болып, билікке діншіл топ келген. Брюс Панниердің айтуынша, Совет Одағы дәл сондай жағдай Ауғанстанда қайталанса, Орталық Азиядағы мұсылман елдерін тәуелсіздік алуға жігерлендіруі мүмкін деп қауіптенген. Осының бәрі Кремльді Ауғанстанда дереу "тәртіп орнатуға" итермеледі.
Бірақ Совет Одағы Ауғанстанға басып кірген соң, "мұжахидтерді" АҚШ та қолдай бастады. Вьетнамдағы соғыста советтер жергілікті партизандарға көмек беріп, америкалықтардың өмірін қаншалық қиындатса, америкалықтар да "мұжахидтерді" демеп, совет әскерін титықтатты.
– Кремль Ауғанстанға әскер кіргізерде АҚШ "мұжахидтерді" демеуге үлкен күш жұмсайды деп ойламады. Олар Ауғанстанға барып, қарсылықты тез жойып, елді тыныштандырамыз, сөйтіп ол жерге Совет Одағына адал режим қалдырамыз деп ойлады. Олар Ауғанстанды ешбір мемлекет осыған дейін жаулап алмағанын білді, бірақ өз әскеріне қатты сенді. 19-ғасырда Кавказ бен Орталық Азиядағы мұсылман елдерін жаулап алдық, бұл соның жалғасы ғана деп ойлады, – деді Брюс Панниер.
"Мұжахидтерге" АҚШ пен Пәкістаннан бөлек, белгілі бір деңгейде Сауд Арабиясы, Иран және Қытай көмектескені мәлім.
Сөйтіп соғыс ұзақ уақытқа созылып, Совет Одағына экономикалық тұрғыда үлкен жүк түсті. Брюс Панниер одақтың ыдырауына осы соғыс қатты әсер еткенін айтады.
Соғыс қанша адамның өмірін жалмағанын дәл айту қиын. Оның бәрін есептейтін мүмкіндік те болмаған. Белгілісі, бейбіт тұрғындар арасында 2 миллиондай адам опат болған, халықтың үштен бірі, яғни 5-6 миллион адам бас сауғалап кеткен. Көбі Иран мен Пәкістанға қашқан. Бір бөлігі АҚШ-тан пана тапты.
Джулия Граудың 1989 жылғы мақаласында Нью-Йорктің өзінде 4 мың ауған азаматы тұратыны жазылған. Журналистің жазуынша, АҚШ-қа саяси баспана іздеп барғандар түрлі қиындыққа тап болған. Ең әуелі олар ағылшын тілін білмей қиналған. Оның үстіне Ауғанстанда үлкен қызмет атқарған, жоғары білікті маман болған адамдар АҚШ-қа барғанда өз білімі мен тәжірибесін пайдаға жарата алмаған және біліктілікті қажет етпейтін қара жұмысты істеуді намыс көрген. Ал Ауғанстанда орта тап саналған саудагерлер жаңа елде тез табысқа кенеліп, байи түскен. Бұл да АҚШ-тағы ауған қауымының арасында бөлінушіліктің белгісі болған. Тез байып кеткендер дүниесінің арқасында үстемдігін көрсетсе, бұрын ауған элитасының өкілі болған, қазір тұрмыс тауқыметін тартып жүргендер оларды "байсымақ" деп менсінбеген.
Бұл арада Әмин белсенділік жолына түскенін айтады.
– АҚШ-қа келген соң өте белсенді болдым. Нью-Йоркте 17 жыл тұрдым, алты жыл – Куинсте, 11 жыл – Манхэттенде (екеуі де Нью-Йорк қаласының аудандары – ред.). Оппозицияда өте белсенді болдым. Бізде Қазақстанның туы да болатын. "Қамаудағы елдер" дейтін бастамамыз болатын. Оған Совет Одағындағы елдердің бәрі кіретін. Шерулерге қатысатынмын. Совет оккупациясына қарсы тұру өмірімнің мәніне айналғандай болды, – деді Әмин.
1989 жылғы 15 ақпанда Әминнің мақсаты орындалды. Он жылға жуық соғысып, 15 мыңға тарта сарбазынан айырылған Совет Одағы Ауғанстаннан әскерін әкетті. Ел билігін ауған коммунистік партиясының сол кездегі жетекшісі, елдің бесінші президенті Мұхаммад Наджибуллаға қалдырды.
Джулия Грау магистрлік жұмысын Совет әскері Ауғанстаннан шығарылардан бес күн бұрын тапсырған. Мақалада автор бұл жөнінде мынадай пайымын келтіреді:
"Кей саясаттанушылар советтер Ауғанстаннан кетер болса, мұның арты азамат соғысына ұласады деп болжайды. Бұл соғыста Гүлбеддин сияқты харизмасы бар әскери фундаменталист жеңімпаз болып шығуы әбден мүмкін".
Бұл болжам рас келді деуге болады. Наджибулла Мәскеудің қолдауымен елді үш жыл басқарып тұрды. Бірақ 1991 жылдың аяғында Совет Одағы ыдырап, Наджибулла қолдаушысынан айырылды. Сөйтіп келесі жылы "мұжахидтер" Наджибулланы жеңіп, ауған коммунистік партиясының түбіне жетті де, Джулия Грау атап өткен Гүлбеддин Хекматияр елдің премьер-министрі атанды.
Бірақ "мұжахидтердің" өзі тұрақты үкімет құра алмай, елде азамат соғысы басталып, бұрын "мұжахидтерді" қолдаған Пәкістан енді "Талибан" деген жаңа ұйымды жақтап шықты. Ал олар енді "мұжахидтердің" өзіне соққы беріп, 1996 жылы билікті қолға алды. Тәліптер билікке келген жылы Наджибулланы қатыгездікпен өлтірді.
– Ешқашан діндар болмағам, болам деп ойламағам да. Бұл әлемнен адамгершілікті көбірек іздедім. Бірақ кейін өзгерістер болды. Мұжахидтерге қатысы бар қызға үйлендім. Алғашқы некем болатын. Осы неке мені саяси мінберден бір-ақ шығарды. 1992 жылы Наджибулла биліктен құлағанда күтпеген жерден БҰҰ-дағы ауған дипломатына айналдым. Бір түнде кенет босқыннан дипломатқа айналдым. [Юлий Михайлович] Воронцов деген кісіден үлкен қолдау таптым, – деді Әмин.
Ол айтқан Воронцов 1990-1994 жылдары алдымен Совет Одағының, кейін Ресей Федерациясының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болған. Одан кейінгі төрт жылда Ресейдің АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарды. Воронцов 1988-1989 жылдары Совет Одағы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымында одақтың Ауғанстандағы елшілігіне жетекшілік етіп, Кремль әскерінің Ауғанстаннан бейбіт жолмен шығарылуына жауапты болған.
– Ол мені ауған дипломаты деп, Нью-Йорктегі совет елшілігіне шақырды – деді Әмин. – Қызметкерлеріңіздің бәрін әкеліңіз деп айтты. "Ешқандай қызметкерім жоқ" дедім. Сөйтіп жалғыз бардым. Воронцев пен өзге дипломаттар болды. Мен терлеп кеттім. Үстелге отырып, тамақтана бастағанымызда, ол: "Білесіз бе, болған жайттардың бәрі өте өкінішті. Менің елім ешқашан кешірім сұрамағанын білемін. Бірақ мен кешірім сұрағым келеді. Керемет достығымыз бар еді, бірақ біз бәрін бүлдіріп, дүрбелең жасадық. Сіздерге ғана емес, өзімізге де жасадық. Сізге қандай көмек көрсетсем болады?" деп сұрады.
Воронцев айтты деген осы сөз бе, әлде философиялық пайымның нәтижесі ме – осы тұста Әминнің Совет Одағына және оның ізбасары саналатын Ресейге көзқарасы өзгере бастапты. Әмин Мәскеудің Ауғанстанға жасағанын әлі де айыптайды, бірақ оны енді кек тұтқысы келмейді.
1992 жылы ол Вашингтондағы IREX ("Халықаралық зерттеу және алмасу кеңесі" үкіметтік емес ұйымы) бағдарламасының стипендиаты атанып, Ресейге сапар шеккен. Тарихты зерттеген Әмин Мәскеу, Орынбор, Санкт-Петербург архивтеріндегі материалдармен танысқанын айтты. Сапар кезінде ол жүрекке жабысқан кектен арылуға жол бастайтын қадам жасаған.
– Нью-Йорктен Хельсинки арқылы Мәскеуге ұштым. Қатты қобалжып, қалтырап кеттім. Хельсинкиге жеткенімде Ресейге жете алмайтын шығармын деп ойладым. Мәскеуде мені Саша дейтін жігіт күтіп алатын болды. Мен оған бірден гүл дүкеніне апаршы деп айттым. Қалампыр гүл шоғын алып: "Енді мені солдаттардың зиратына алып бар" дедім. "Шынымен барғыңыз келе ме? Бұл қауіпсіз емес, сырт жақта" деді. "Бәрібір. Ауған [соғысында қаза тапқандар] зиратына барғым келеді" дедім. Бардық. Құлпытастағы жазуларға қарадым. Өңкей 17-18 жастағы балалар. Әрқайсына бір-бір данадан гүл қойып шықтым. Саша менің шығу тегімді білмейтін еді. "Мұның мәні не?" деп сұрады. "Бәріңді кешірдім. Бәрі бітті. Біз енді доспыз" дедім. "Не үшін?" деп сұрады ол. "Мұны істемесем, сені және сенің еліңді жек көре берер едім, өйткім келмейді. Адамдарды жек көріп өмір сүре алмаймын. Ол жерде нендей жағдай болса да, бәрін кештім" дедім. Мен шынымен де кешірдім, өйткені сол елде біраз жүруім керек болатын, – деді Әмин.
Әминнің расымен кешіргенін оның ондаған жылдан кейін жасаған қадамынан білуге болады. Сұхбат соңында ол бір құпиясын ашты:
"Орыстар мен ең жек көретін халық болатын, ал қазір мен ең жақсы көретін адам – орыс" деді Әмин.
– Ұзын сөздің қысқасы, қазір бір ұлымыз бар. Ұлыңыз қай жерде туды деп сұрасаңыз айтайын, ол – орыс. Қазір бәріміз орысша сөйлейміз. Оған орыс тілін үйрету үшін Қазақстаннан барған неміс әйелін жалдадық. Орыстың Рождествосын, өзге мерекелерін атап өтеміз. Өйткені ол – орыс. Біз оны Сібірдегі Улан-Удэден асырап алғанбыз. Оның ресейлік паспорты да, америкалық паспорты да бар. Жасы сегізде. Ғажайып бала. Мен үшін ең қымбат адам. Оны орыс деп көрмеймін, адам баласы деп көремін, – деді ол.
Бүгінде жасы 15-ке таяп қалған Джаван Тарзидің туған кездегі есімі Владимир болған. Оның айтуынша, сәбидің анасы нәрестесін босана сала тастап кетіп, туу туралы куәлігінде ол туралы ешқандай мәлімет жазылмапты.
Әмин бала асырап алуды ұйғарғанда алдымен Қазақстанды қарастырғанын айтады. Оған дейін ол зерттеу жұмысы аясында біршама уақыт Өзбекстанда тұрып, әйелі де, өзі де Қазақстанның кейбір өңірлерінде болған.
– Әйелім екеуіміз осы елді ұнаттық. Қазақстан елшілігіне бардық. Әйелім елшіні танитын еді. Бірақ біз процесті бастағанда Қазақстан баланы шетелдіктерге асырауға беруді тоқтатып қойды, – деді ол.
1999-2011 жылдары АҚШ азаматтары Қазақстаннан 6,5 мыңға жуық бала асырап алған. Бірақ олардың кейбірі АҚШ-та қайғылы оқиғаға ұшырағаннан кейін, 2012 жылы Астана АҚШ азаматтарына қазақстандық балаларды асырап алуға тыйым салған. Ел билігі АҚШ азаматтары асырап алынған балалар жайлы дұрыс ақпарат бермей отыр деп уәж айтқан.
– Одан кейін Украинаны қарастырдық. Бірақ агенттік Ресейді ұсынды. Бірнеше күн ойланып-толғандық. Мұндай шешімге келу оңай емес. Әсіресе анама қиын болды. Бұрынырақта, Прагада жүргенде бір қызбен кездесіп жүрдім. Шашы сары, көзі көк болатын. Анама суретін жібергенде, бірден "орыс па?" деп сұрады. "Жоқ, ұлты неміс, америкалық" дедім. "Онда жарайды" деді. Ал енді баламыз анам үшін ең маңызды адам. Анам орысша еркін сөйлейтін. Советтер басып кірген күні сөйлеуді қойды, – деді Әмин.
Оның айтуынша, Мария әлі де орысша сөйлемейді. Ол орыс тілін әкесі Мәскеуде елші болған жылдары үйреніпті. Тарзилер әулетінің тарихына арналған сайттың дерегіне қарағанда, Марияның әкесі Гулам Яхия Тарзи 1953-1957 жылдары Ауғанстанның СССР, Швеция және Финляндия елдеріндегі елшісі болып, Мәскеуде отырған.
Әулетім керемет болды деп те айта алмайды. Керемет болса, елді әлі де басқарып отырған болар еді.
Әмин негізгі жұмысынан бөлек жоғарғы оқу орнында сабақ береді. Оңтүстік Калифорния университетінің Вашингтон қаласындағы филиалында және Джордж Мейсон университетінде оқытушы-профессор қызметін атқарады. Ауғанстан және Таяу Шығыс жайлы бірнеше академиялық еңбек жазған. Енді өз өмірі жайлы тарихи роман жазғысы келеді.
– Қазір қорғаныс министрлігіне жұмыс істеймін, сол себепті Ресейге басқа қырынан қараймын. Сірә, Ресей – АҚШ үшін проблема. Оны да түсінемін. Аңқау адам емеспін, не болып жатқанын түсінемін. Тарихшыға ең қиыны – оқиғаға сырт көзбен қарау. Бірақ мен мейлінше тырысамын. Менің жағдайым да, әулетім де оқиғаның бір бөлігі болып отыр. Жақсы болсын, жаман болсын. Әулетім керемет болды деп те айта алмайды. Керемет болса, елді әлі де басқарып отырған болар еді, – деді ол 2019 жылы. – Қазір не болып жатқаны жайлы көп нәрсе білемін. Оның ішінде сіздің мемлекетіңіз де бар. Жағдай қиындап барады. Оған дайын болуымыз керек, мәдениет аман қалуы қажет, адамдар аман қалуы қажет. Олар сендердің болмыстарыңды, тілдеріңді жойғысы келеді. Сіздер бұрын болмағандай еткісі келеді. Ресейден кете алмайсыздар. Шекараға қараңыз. Ауғандарға да соны айтамын. Ауғандар пәкістандықтарды жақтыра бермейді, олар нені болса да Пәкістаннан көреді. Мен оларға: "Қарашы, жеме жемге келгенде Пәкістансыз өмір сүре алмайсыңдар, оларды жақсы көр демеймін, бірақ мәмілеге келетін бір деңгейді ұстануыңыз қажет" деймін.
Әминнің сол кездегі болмыс және Ресей туралы айтқан сөзі алдағы уақытта Украинадағы соғыс боларын тап басып болжағандай әсер қалдырады. Кім біледі, бәлкім осы соғыстың түбі басталатыны сол кезде-ақ белгілі болды ма екен…
Джулия Граудың мақаласында әкесінің хабар-ошарсыз кеткенін айтқан Әмин бес жыл бұрынғы сұхбатта онымен сөйлесіп тұратынын айтты.
– Әкем әлі де Ауғанстанда. Ол елден кетуден бас тартты, – деді ол. – Советтер оны түрмеге жапқанда не болғанын айтқысы келмейді. Таспаға жазып алайын десем, "кей нәрсе туралы жақ ашпаған дұрыс" деп көнбейді.
2019 жылғы 21 қаңтардағы сұхбаттан соң Әминмен бір-екі рет хат алмастық.
"Дәл қазір Сауд Арабиясына бара жатырмын. Содан соң виза ала алсам және жұмыс орным рұқсат етсе, Кабулға барғым келеді. Әкем қатты ауырып жатыр. Осы аурудан өте алмауы мүмкін, – деп жазды ол екі аптадан соң. – Қызық екен, менің отбасым бір кезде осы елде билеп тұрған еді, ал енді маған ол жерге бару үшін виза керек".
Келесі жылы 21 қаңтарда, әлгі сұхбаттан тура бір жыл өткенде одан хат алдым.
"Жоқ болып кеткеніме кешірім сұраймын. Әкем қайтыс болды. Жерлей алмадым. Бірақ Наурыз [мерекесі] кезінде Кабулға астыртын барып, әкемді көрген едім" деп жазды ол.
Басынан өткен қилы оқиғаларды баяндап, өзегін өртеген ыза мен кек су бетіне қалқып шыққандай сезінген Әминнің айтқандары ой салмай қоймайды.
– Өткеніміздің бүгінімізді қажауына жол бермеуіміз керек, – деді ол сұхбат кезінде. – Өткеннен сабақ алып, бүгін өмір сүріп, келешекке дайындалған жөн. Менде бір ғана өмір бар. Бұл өмірден кейін тағы өмір бар дегенге сенбеймін. Өйткені ол өмір жоқ. Сол себепті осы өміріме мән беремін.
"ӘКЕ, СЕН ӨЗ ТАҢДАУЫҢДЫ ЖАСАДЫҢ"
Биыл 4 ақпанда Әминмен тағы сөйлестім. Өміріндегі өзгерістер, кейінгі оқиғаларға көзқарасы жайлы әңгімелеп, әкесі туралы тың деректер айтты. Советтер қамауында болған Хамидулла кейінірек ауған коммунистері құрған үкіметте министр қызметін атқарыпты. Алдымен экономика министрі, кейін азаматтық авиация министрі болған. Хамидулла 1980 жылдардың аяғында Вашингтонға іс-сапармен барып, бірақ белгісіз себеппен әйелі мен балаларына хабарласпаған. Бұл әңгімені ары қарай сұхбат күйінде жалғастырғанды жөн көрдім.
– Әкеңіз қайтыс болғанда, бара алмаған екенсіз. Иманы саламат болсын.
– Рақмет. Тарзи тегін алған алғашқы адам Сирия астанасы Дамаскіде жерленген. Ең танымал әулет өкілі – Махмұд Тарзи Түркиядағы Стамбұлда, арғы атам Кабулда, атам Нью-Йоркте, енді міне әкем Ауғанстанда жерленіп отыр.
Жасы 93-те еді. Ешқашан ауырмаған адам. АҚШ-қа келгенінде дәрігерге апарайық десек, бармайтын. Тісі орнында, көзілдірік те, есту аппаратын да тақпайтын. Бірақ кенет ісік ауруына шалдығып, бақилық болды.
– 1980 жылы елден кеткелі Ауғанстанға алғаш рет қашан бардыңыз, барлығы онда неше рет болдыңыз?
– 1996 жылы Ауғанстанның солтүстігіне бардым. Сол жылғы қаңтардан келесі жылдың қаңтарына дейін Ташкентте бір жыл тұрғанмын. Сол кезде Термездегі "Достық" көпірінен өтіп, Мазари-Шариф қаласына бардым. Ауғанстанның солтүстігі әлі де [әскери қолбасшы Абдул Рашид] Достумның бақылауында болатын. Өзімен бірнеше мәрте жолықтым да. Одан кейін 2004 жылы Кабулға Азаттық радиосының қызметкері ретінде бардым. Артынан Теңіз әскері корпусының мүшесі ретінде де сапарлағанмын. Бірақ сапарларымның ешқайсысы екі аптадан аспайтын. Әскери адам болған соң Кабулдан шыға алмайтынмын. Бір жолы әкемнің қасында, бір жолы қонақүйде, бір жолы АҚШ әскери кешенінде жаттым.
– Джулия Граудың мақаласында әкеңіздің қайда екенін білмейтіңізді, оның хабар-ошарсыз кеткенін айтқан едіңіз, қашан қауыштыңыздар?
– Хабар-ошарсыз кетті дегенде біз оның қайда екенін білетінбіз. Сол кезде маған сөйтіп айту қажет болды. Совет әскері келген кезде үйімізді өте төмен бағаға саттық та, пара беріп, анама және маған паспорт жасаттық. Әкем "сендер бара беріңдер, мен артынан келемін" деді. АҚШ-қа босқын болып келдік, өте ауыр болды. Анам жүк сөмкесін сататын дүкенде аптасына алты күн жұмыс істеді. Оны әбден күттік, бірақ келмеді. Хабарласпады да. Сөйтсек, [Мұхаммад] Наджибулла президент болғаннан кейін мемлекеттік қызметке оралып, қаржы министрі болып тағайындалған екен (ашық деректерде 1988 жылғы маусымда тағайындалғаны айтылады – ред.). Кейін сол қызметте жүріп Вашингтонға Халықаралық валюта қорынының жиынына келгенін білдік. Әпкесіне соғып кеткен екен. Ол кісі анамның да әпкесі болатын. Анам мен әкем бір-біріне немере бауыр болып келеді. Сол әпкеміз бізге қоңырау шалып, әкемнің келіп-кеткенін айтты. Оның ауған үкіметінде үлкен қызметте отырғанын сол кезде білдік. Бізге соқпай кеткені, қоңырау шалмағаны маған өте ауыр тиді. Өзім 1987 жылы теңіз әскеріне қосылған едім. Сөйтіп Ауғанстандағы досым арқылы мекенжайын тауып, оған хат жаздым. "Әке, сен өз таңдауыңды жасадың, мен де өз таңдауымды жасадым. Саған хабарласуға тырыстық, жауап бермедің. Майданда жолықпаспыз деп үміттенемін" дедім.
– Жауап берді ме?
– Жауап бермеді. Бірақ мен оған хабарласа бердім. Бір жолы жауап қатып, "менің мекенжайымды қалай білдің, ЦРУ қызметкері боларсың?" деді. "Жоқ әке, сені уайымдап іздедім" деп айттым. Кейін ол азаматтық авиация министрі (1990-1991 жылдары – ред.) болған. Наджибулланың коммунистік үкіметі құлап, билікке мұжахидтер келді. Олар коммунистерге не істейтінін білмедік. Бірақ әкемнің қорланғанын қаламадым. Бірінші әйелімнің әпкесі мұжахид жетекшілерінің бірі еді. Хадирия сопы орденінің жетекшісі [Ахмед] Гайлани. Соған хабарласып, өтініш айттым. "Мен сізге ешқашан өтініш айтпаған едім. Қазір бір өтінішім бар. Олар әкеме не істесе де, қорлануына жол бермеші" дедім. "Ол жағына алаңдамасаң болады" деді ол. Кейін әкемнен білдім: мұжахидтер оны қамап қойып, көп ұзамай босатыпты.
– Әкеңізбен қалай қауыштыңыз?
– 1996 жылы әкем мемлекеттік қызметкер ретінде Швейцарияға келіпті. Қасында бауыры, яғни менің көкем болған. Сол көкем маған қоңырау шалып, бір кісі сенімен сөйлескісі келеді деді. Әкемнің дауысын 16 жыл бойы естімеген едім. Ол телефонға сөйлемей қойды. Арғы жағынан көкемнің "сөйлесеңші, бірдеңе десеңші" деген дауысын естідім. Ақыры амандасты, мен де амандастым. Көкем Женеваға келе аласың ба деп сұрады. Дәл қазір шығып кете алмайтынымды, жолға бір-екі күн қажетін айттым да, телефонның арғы жағындағы әңгімені тыңдап тұрдым. Әкем "жоқ, жоқ, қалмаймын" деп жатыр екен. Қашып кеткісі келіп тұр. Көкем тұтқаны алып, ертең келуге тырыс, мен оны ұстап тұрамын деді.
Ол кезде мен Сауд Арабиясының Нью-Йорктегі елшілігінің саяси кеңесшісі болып жұмыс істейтінмін. Жұмысқа барғанымда бастығым "мазаң болмай тұр ғой, не болды саған?" деп сұрады. Ол менің жағдайымды білетін еді, болған әңгімені айтып бердім. "Күте тұр" деп кетіп қалды да, сәлден соң 10 мың доллар ақшамен оралды. Ақшаны үстелге қойып, "бұл біздің сыйымыз, баруың керек" деді. Негізі менде сапарға ақша жоқ та еді. Сөйтіп осы ақшаға билет алып, Женеваға бардым. Мен кеткенде әкеммен бойымыз шамалас еді, қазір бойым 1 метр 80 см. Жолықтық, қарасам көкемнің жанында бойы аласа бір кісі тұр екен. "Сәлем" деп амандасты. Көкем жылайын деп тұр, әкемде эмоция жоқ. Бірақ көре сала бірден "Әминжан, жақын жерде балық дәмханасы бар, сол жерге барып алабұға жеп қайтайық" деді. Дәмханаға бардық, бірақ көп сөйлеспедік. Анам туралы, бауырым туралы, менің не істеп жүргенім жайлы сұрамады.
Әкем Ауғанстандағы осы соғыстардың бәрінен өтті, бірнеше мәрте түрмеге қамалды. Меніңше, ол бойындағы эмоцияны жаншып қана тірі қалған. Ол айналадағының бәріне бейжай қарауға дағдыланып, сөйтіп аман қалған деп ойлаймын.
Қайтыс болғанда артында сегіз кітабы, төрт дана киімі қалды. Басқа ештеңе жоқ. Ол қаржы министрі болған адам. Ауғанстанда мұндай қызмет адамға қандай билік беретінін білсеңіз. Ол ештеңе алмады, сонысын мақтан тұтамын. Халық қамын ойлады. Қайтыс болған кезде біреу видео жіберіпті. Кезінде өзі көмектескен адамдар жанында жүр. Біреуі де туысымыз емес. Чехиядағы достарыма жіберсем, "батыр екен ғой" дейді. Ол сіздің әкеңіз болмаса, жалпы өте жақсы, зиялы адам. Бірақ оның ұлы болсаңыз, мұның бәрі жауапсыздықтың кермек дәмімен қатар келеді.
Ешнәрсе ақ пен қарадан тұрмайды, бірақ Украинадағы соғыс нағыз агрессия болды.
– 2021 жылы АҚШ Ауғанстаннан өз әскерін алып кетті. 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашты. Бұл жаңалықтарды алғаш естігенде қандай күйде болдыңыз?
– Екінші сұрақтан бастайын. Үйімнің ауласында АҚШ туы ілініп тұратын. Соны алып тастап, орнына украин туын ілдім. Екі ай тұрды. Меніңше, бізден де белгілі бір қате кетті, кей қате Германияда жасалды, украиндер жағынан да қателіктер болды. Ешнәрсе ақ пен қарадан тұрмайды, бірақ бұл нағыз агрессия болды. Ресейдің Украинаға болсын, Грузияға болсын немесе Қазақстанға болсын басып кіруге қақысы жоқ.
Балама орыс тілін үйрететін адам жалдап тұрамыз дедім ғой. Бір жолы au pair (үй және бала күтіміне көмектесетін жас шетел азаматы – ред.) бойынша украиналық Маша деген қыз болды. Украинаның Черкассы қаласынан келген орысша сөйлейтін қыз. Ол сондай жайдары, көңілді адам еді. Саясаттан мейлінше алшақ болатын. Ресейдің көптеген жерінде достары бар-тұғын. Соғыс оны қатты өзгертті. Орысша сөйлеуді доғарып, Ресейді жек көріп кетті.
Путин үлкен қателік жасады. Ол шыққан тегі ортақ, діні мен тілі ортақ дос елді жауға айналдырды. Бұдан арылу ұзақ уақытқа созылады.
Ал енді Ауғанстанға оралайық.
Қорғаныс саласының адамы болған соң әскерді шығару ісіне үлес қосқаным бар. Ол үшін теңіз әскері офицеріне берілетін ең мәртебелі екінші медаль алдым.
2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін ол жерге баруымыз керек болды. Оны даулауға болмайды. Бірақ біз нақты жоспарсыз бардық. Қателік сол болды. 20 жылда қанша қаражат жұмсадық, қанша саяси капиталымыздан айырылдық, екі жақтан да көп адам қаза тапты. Біз бұл елге кей демократиялық институттарды қалыптастыруға көмектестік те, бәрінің құрдымға кетуіне жол бердік. Мұның бәрі Қытайды және кейінірек Иранды жігерлендірді.
– Джулия Граудың мақаласында сіз Ауғанстанға оралуды қарастыратыныңызды, бұл сіздің болмысыңыз үшін қажет екенін айтқан едіңіз. "Өзімді америкалық деп санай алмаймын" депсіз. Чехияда туғандықтан, ауғанмын деп те сенімді түрде айта алмаған көрінесіз. Қазір кімсіз? Болмысыңыз анықталды ма?
Мен енді болмыс үшін күреспеймін.
– Дұрыс байқапсыз. Ол кезде бұл мен үшін үлкен мәселе болатын. Бірақ мен қазір өзімді адамзат өкілімін деп қана санаймын.
Кабулға 24 жылдан кейін алғаш рет оралғанымда өзімді турист сезіндім. Мен парсы немесе дари тілін еркін меңгерген адаммын, акцентім бар деп ойламаймын. Бірақ кіммен сөйлессем де маған "мистер" деп ағылшынша жауап қайтаратын. Бәлкім жұртқа менің мінез-құлқым солай әсер етті ме екен, білмеймін. Тек өзім оқыған мектепке барғанда ғана туған жерімде жүргенімді сезіне алдым. Сол жерде ғана көзіме жас келді.
1980 жылдары теңіз әскері корпусына қосылып, кейін АҚШ өкіметіне жұмыс істедім. Бұл тұста өзімді америкалық санадым. Барлық нәрсеге бірдей келісе бермедім. Бұл жерде бәріне келісуге міндетті де емессің. Мұндағы жүйенің кереметтілігі сол. Тек отаныңа адал болуың керек, болды. АҚШ-тың сыртқы саясаты жөнінде сабақ беремін. Сол себепті барлығын түсінеміз, бірақ кей мәселені қабылдай алмаймын.
Болмыс мәселесі мені философияға тартты. Астрономияға қызықтым. Біз білетін ғаламда миллиардтаған галактика бар. Соның ішінде жүріп біз әрдайым кім екенімізді анықтауға тырысамыз. Мен осы өмірге келгенімді кездейсоқтық, дүниенің сыйы деп қабылдаймын. Сіз өлген күннің ертесіне-ақ ұмыт боласыз. Бәлкім туыстарыңыздың жадында қаларсыз, бірақ олар да кейін ұмытады. Ұлым орыс, әйелім христиан дініндегі америкалық. Мен енді болмыс үшін күреспеймін.
ПІКІРЛЕР