Азаттық тілшісі Алматы көшелерінде суық күндері ұсақ-түйек сатып не қайыр сұрап тұрған қарияларды суретке түсіріп алды. Олардың көбі - зейнетақылары жартымсыз зейнеткерлер.
Көшедегі зейнеткерлер

1
85 жастағы Валентина 64 жастағы мүгедек сіңілісімен бірге Кеңсайда тұрады. Ол Көкбазарға автобуспен келіп, өзі тоқыған шұлықтарын 1000–1500 теңгеге сатады.

2
"38 мың зейнетақым ештеңеге жетпейді. Күн көру үшін бірнеше сағат саудаға шығамын. Кейде бір-екі шұлық сатамын, кейде ештеңе өтпейді" дейді ол.

3
"Бұрын заман қазіргіден де қиын еді. Бұл өміріме разымын, тұрмысым жақсы" дейді Валентина.

4
Зейнеткерлердің көбінің жеміс-жидек алуға жағдайы жоқ. Олар ең негізгі керек-жарақты ғана сатып алады.

5
Қарттардың кейбірі бұрыннан қалған көне бұйымдарын сатады. "Жұрт бұларды жандары ашығаннан алады" дейді зейнеткерлер.

6
Сататын ештеңесі қалмаған қарттар қайыр сұрауға мәжбүр.

7
Қайыр сұрап тұрған әжей.

8
84 жастағы Александр Михайловичтің зейнетақысы - 46 мың теңге. Ол жоқшылық кесірінен өмір-бақи жинаған төсбелгілерін 150 теңгеден сатып тұр. "Кейде апталап тұрып ештеңе сата алмайсың. Бүгін 700 теңге таптым. Енді біраздан соң үйге қайтамын" дейді ол кісі.

9
Сөйлесуден бас тартқан бұл кісі 500 теңгеге бал ашады.

10
Светлана мүгедектіктің кесірінен жұмыс таба алмай жүр. Базардың алдында моншақтан жасаған гүл сататын ол кісі әр затына 500 теңге сұрайды. "Көп қоспаймын. Өнімнің өзінің бағасы - 480 теңге. Табысым - 20 теңге. Кәсібім өзіме де, жұртқа да ұнайды. Сатып алады" дейді айына 60-70 мың теңге табатынын айтқан Светлана.