Үш жыл бұрын Ресей Украинаға басып кірді де, артынша Қырғызстанда ресейліктерге қырғыз төлқұжатын алып беруге көмектесетін жаңа нарық пайда болды. Қырғызстан паспорты санкцияға немесе басқа да шектеуге ұрынған ресейліктерге тиімді, мысалы, шетелге шыға алады. Есесіне, көрші елдерден көшіп келген қырғыздар ел азаматтығын алуда бірқатар қиындыққа кез болып жүр.
Қалтасы қалың ресейліктер қай кезде де қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі елге саяхаттау мүмкіндігін құр жібермейтін. Бұл мақсатта "алтын төлқұжат" пен Мальта, Кипр сияқты офшордағы виза жеңілдігін пайдаланатын.
Кремль Украинаға қарсы жаппай соғыс ашқаннан кейін халықаралық экономикалық санкция енгізіліп, шет мемлекеттердің аумағына кіруге шектеу қойылды. Осыдан кейін тез арада Ресейге жақын елдерден екінші төлқұжат алғысы келетіндерге көмектесетін нарық қалыптасты. Қырғызстан – сондай елдің бірі. Әйтсе де, Қырғызстанның өзінде мұны қолдамайтындар көп.
"Ресейлік блогерлер ақшасын төлесе төлқұжат алуға болатынын жарнамалап, Қырғызстан төлқұжатын алудың оп-оңай шаруа екенін мазаққа айналдырып жүр", – деді депутат Дастан Бекешев қаңтарда парламент отырысында.
Азаттыққа мемлекеттік мекеме ұсынған ресми ақпарат бойынша, 2022 жылдың басынан, яғни Украинадағы соғыс басталғаннан бері Қырғызстан төлқұжатын алған ресейліктердің саны айтарлықтай өскен.
Кейінгі бірнеше жылда Қырғызстан азаматтығын алғандар арасында ең көбі – ресейліктер. 2024 жылы барлығы 7 мыңнан астам ресейлік (арасында қырғыз ұлтының өкілдері де бар) Қырғызстан төлқұжатын алған. Бұл көрсеткіш Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты көрші елдерден келіп қырғыз азаматтығын алғандар санынан әлдеқайда көп (кестені қараңыз):
Қырғызстанның халқы жеті миллион екенін ескерсек, ол соншалық көп те емес, әйтсе де, бұл тенденция ресейліктерге қырғыз төлқұжатын ұсынатын онлайн нарықтың пайда болуымен және дамуымен тұспа-тұс келді. Мұндай жағдай алаяқтық пен жемқорлық жайлайды деген қауіпті де үдетті. Бұл мемлекет беделіне кері әсерін тигізеді деп санайтындар да бар.
"Барлығы бұл неғылған мемлекет деп отыр", – деді депутат Емил Токтошев өткен айдағы парламент отырысында.
Facebook, YouTube және Telegram желісінде тарап жатқан жарнама Қырғызстан төлқұжаты ресейліктерге бірқатар артықшылық беретінін, соның ішінде шетелде тіркелу оңай болатынын айтады. Қырғыз паспорты Украинадағы соғыстан кейін ресейліктерге есігін тарс жапқан үшінші елдерге кіруге мүмкіндік беретін "алтын" визаға қол жеткізу тәсілі ретінде ұсынылады.
Жарнаманың бірінде Қырғызстанда орыс тілі екінші тіл екені, сонымен бірге елде "саяси тұрақтылық" орнағаны айтылады.
Авторитар көршілерімен салыстырғанда, Қырғызстан ұзақ уақыт бойы демократия аралы ретінде саналып келді. Дегенмен қазір халықаралық ұйымдар баяндамасында елде бұқаралық ақпарат құралдарына, азаматтық қоғамға және сыни пікірге қысым жасау артып келе жатқанын жиі көрсетіп жүр. Мұның бәрі 2020 жылы билік басына Садыр Жапаров келген сәттен басталды.
Қырғызстан төлқұжатын ұсынып жүрген делдалдар қызметін бірнеше мыңнан 20 мың долларға дейін бағалайды. Делдалдардың кейбірі Қырғыз Республикасының төлқұжатын қысқа мерзімде – 3-6 ай аралығында әперуге уәде береді.
Қырғызстанның ресми өкілдері төлқұжат алуға бұл уақыт жеткілікті екенін, алайда дайын болу мерзімі өтініштің тапсырылған уақытына байланысты екенін айтады. Қырғыз төлқұжатын ұсынатын компаниялар Ресейде орналасқандықтан, олардың әрекетіне тоқтау сала алмайтынын алға тартады.
Ал Бекешев, Токтошев сияқты депутаттар бірнеше мың долларға қысқа уақыт ішінде Қырғызстан азаматтығын алып береміз деген жарнаманың артында жемқорлық әрекеті тұр ма деп қауіптенеді.
"Мұны құқық қорғау органдары зерттеуі керек. Бұл агенттердің артында кім тұр? Бәлкім, өзіміздің құқық қорғау органдарынан біреулер көмектесіп жүрген шығар. Оны білмейміз ғой", – деді Азаттыққа сұхбат берген Бекешев.
Процесті толығырақ білу мақсатымен Азат Еуропа/Азаттық радиосының орыс тіліндегі "Система" зерттеу тобы ресейліктерге Қырғызстан азаматтығын алуға көмектесетін бірнеше делдалмен сөйлесті. Олардың ешбірі төлқұжат алу кезіндегі пара беру туралы ашып айтқан жоқ. Дегенмен, делдалдардың бірі "қосымша ақы" процесті жылдамдататынын емеурінмен жеткізді.
"Еш қиындықсыз бәрінен өтіп, қысқа мерзім ішінде төлқұжат алу үшін құжаттарыңызды қабылдап алған лауазымды тұлғамен сөйлесуге тура келеді. Істі қарайтын және төлқұжат алу мерзіміне нақты ықпал ете алатын бірнеше шенеунікпен келісімге келу қажет", – деді брокерлердің бірі. Азаттық оның аты-жөнін жарияламауды жөн көрді.
Президенттің іс басқармасы жанындағы мемлекеттік "Қызмат" мекемесінің халықты тіркеу департаменті директорының орынбасары Бекзат Ибраимов бұл салада жемқорлық немесе парақорлық болуы мүмкін екенін жоққа шығарды.
"Жемқорлық болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Мәселен, шешімді бір ғана адам қабылдайтын болса немесе бір ғана адаммен келіссе, мұндай болуы мүмкін деуге болар еді. Алайда бұл процесс бірнеше кезеңмен жүреді. Сондықтан оның ретін қалай табуға болатынын елестете алмаймын. Мұндай сөздер шындыққа жанаспайды деп ойлаймын", – деді Бекзат Ибраимов.
Қаңтарда өткен парламент отырысында ол Қырғызстан төлқұжатын ұсынатын делдалдарды "алаяқтар" деп атады.
"Біріншіден, мұндай агенттіктер тек кеңес беру қызметін атқарады, – деді Ибраимов. – Азаматтар оларға өз аяғымен келеді, делдалдың керегі жоқ".
Ресейліктердің көптеп келуі
2022 жылдың ақпан айында әскерге шақырудан және қудалаудан қашқан жүздеген мың Ресей азаматы елден кете бастады.
Соғыс басталғаннан кейін Қырғызстан төлқұжатын алуға өтініш білдірген және осы елдің азаматтығын алған ресейліктер саны күрт өсті.
Үкімет дерегі бойынша, қырғыз төлқұжаты мен Қырғыз Республикасының азаматтығын алуға өтініш білдірген ресейліктер саны 2021 жылы 400-ге жуық болса, 2022 жылы 1122-ге жеткен, 2023 жылы – 5373, 2024 жылы 7122 адам ел азаматтығын алған.
Кейінгі төрт жылда 14 мыңнан астам ресейлік Қырғызстан азаматтығын алған. Оның ішінде 20 пайызға жуығы (2 729 адам) – Ресейдің байырғы тұрғындары. Олар 1999 жылғы 26 ақпанда Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей арасында жасалған төртжақты келісім негізінде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған (кестені қараңыз):
Азаматтық алғандардың көбі – қырғыз ұлтының өкілдері. Олардың арасында Ресей төлқұжатымен жүрген, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін елге оралған қырғызстандықтар да бар. Ілгеріде олардың кейбірі Азаттыққа берген сұхбатында Ресей билігі әскерге баруға міндетті екенін алға тартып, елден шығуға тыйым салғанын айтқан болатын.
Президент әкімшілігі жариялаған Қырғызстанның жаңа азаматтарының тізіміне көз салсақ, соғыс басталғаннан кейін қырғыз төлқұжатын алғандар арасында Ресейдің саяси және іскерлік элитасының өкілдері де барын байқауға болады.
Атап айтқанда, Тверь облысының бұрынғы губернаторы Дмитрий Зеленин; Мәскеу түбінде орналасқан мемлекеттік "Сколково" инновация орталығының топ-менеджері Кирилл Каем; АҚШ-тың "қара тізіміне" енгізілген, Путиннің "Единая Россия" партиясының депутаты Юрий Петровтың әйелі мен ұлы бар.
2022 жылы соғыс басталғаннан кейін қырғыз паспортын алғандар қатарында халықаралық санкцияға іліккен кәсіпкер Илья Гамбашидзе де бар. Ол Мәскеудегі Әлеуметтік жобалау агенттігін басқарады. Вашингтон бұл агенттік Кремльдің тапсырысымен үгіт науқанын жүргізді деп санайды.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы Украин қызметінің "Схема" жобасы аясындағы журналистік зерттеу Гамбашидзенің Украина мен оның жақтастарының беделін түсіру мақсатында жұмыс істегенін, сонымен бірге Еуроодақтағы әсіреоңшыл саяси партияларға қолдауды күшейткенін көрсетіп отыр.
Қырғызстан азаматтығын алғандар қатарында Ресейдегі аса табысты әрі олжалы бизнестің бірі Wildberries маркетплейсінің негізін қалаушы әрі иесі Татьяна Кимнің (ред.ескертпесі: некеде болғандағы тегі Бакальчук) бұрынғы күйеуі Владислав Бакальчук те бар. Ол 7 қараша күні telegram-арнасында былтыр көктемде қырғыз төлқұжатын алғанын айтып, президент Садыр Жапаровпен түскен суретін жариялады. Суретке нақты қашан түскенін көрсеткен жоқ. Бакальчук былтырғы қыркүйек айында Wildberries компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде болған атыстан кейін қамауға алынып, артынан босап шыққан.
Журналистер мен Кремльді сынаушыларды қудалауға негіз болған 2014 жылғы заңға сәйкес, Ресей азаматтары басқа елдің төлқұжатын алса немесе басқа елде тұрғылықты тұра бастаса, бұл жөнінде Ресей үкіметіне ресми хабарлауға міндетті.
Зеленин, Каем, Петров пен Гамбашидзе қырғыз паспортын алуға не түрткі болғаны жөніндегі сұрағымызға жауап бермеді.
Қырғызстан, Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы төртжақты келісімге сай, Совет одағы құлағанға дейін дүниеге келген ресейліктер осы елдердің бірінен екінші төлқұжатты жеңілдетілген шартпен ала алады. Бұрын-соңды бұл елдерде тұруы міндетті емес.
Азаттықтың қолына түскен құжаттар Совет одағы құлағанға, яғни 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін туған, Қырғызстан азаматтығын алуға өтініш беріп, қырғыз төлқұжатын алған ресейліктер саны кейінгі үш жылда артқанын көрсетіп отыр.
Қырғызстан азаматтығын беру туралы жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қояды.
2023 жылы президент әкімшілігі Қырғызстан төлқұжатын алғандардың аты-жөнін жариялауды тоқтатты.
Қырғыз төлқұжатын сату жөніндегі жарнама мен кейбір ресейлік делдалдардың мәлімдемесіне орай президент әкімшілігінен пікір сұрадық. Қырғыз Республикасы президенті жанындағы Азаматтық мәселесі жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Ұлықбек Шүкірбеков Азаттыққа берген жауабында азаматтық алуға өтініш тапсырған азаматтар мен комиссия мүшелері арасында тікелей байланыс жоғын және азаматтық алғысы келетіндер мұқият тексеруден өтетінін айтты.
"Заң мен келісім негізінде ғана қабылданады. Ал бірінші рет келгенде төлқұжат беретін мекемеге барып, тиісті құжаттарын көрсетеді, егер құжаттары дұрыс болса, қабылдап алады. Одан кейін құжаттарды міндетті түрде құқық қорғау органдары тексереді, соттылығы бар ма, қылмыскер емес пе, бәрі тексеріледі. Содан кейін дайын құжат бізге келіп түседі. Біздің қолымызға қорытынды құжат қана тиеді, соған сүйене отырып қарастырамыз да, жарлықты дайындаймыз. Басқа ешқандай қатыса алмаймыз", – деді Шүкірбеков.
Азаттық қырғыз төлқұжатын алуға көмектесеміз деген ресейлік компанияларға да хабарласты. Компания өкілдері Совет одағы құлағанға дейін дүниеге келгендерге басымдық бар екенін айтты. Мұндай фирмалардың кейбірі төлқұжат әперуге кепілдік бере алмайтынын айтса, енді бірі толықтай заң аясында әрекет ететінін жеткізді.
Келесі бір фирманың өкілдері Қырғызстанның шенеуніктеріне ақша бермейінше, іс өнбейтінін хабарлады.
"Ақша бермесең, жылдан астам уақыт күтуге тура келеді. Әрі [құжатты өткізетін] нақты күні мен уақытын белгілемейді. Күнін көрсеткеннің өзінде бір апта бойы қабылдамай жүріп, аяғында кейінге ысыра салады", – деді тағы бір фирманың менеджері.
"Бәріне ақша беруге тура келді"
Ұлты қырғыз азаматтар ел азаматтығын алуда кедергіге тап болып жатқан уақытта интернетте қырғыз елінің төлқұжаты сатылып жатқаны кей депутаттардың алаңдауына алып келді.
"Менің таңғалатыным, Қырғызстанда ешқашан тұрмаған адам оп-оңай азаматтық алады да, өз отандастарымыз, қырғыз ұлтының өкілдері ала алмай жүреді", – деді парламентте сөз алған депутат Дастан Бекешев.
Желтоқсан айында өткен парламент отырысында депутат Шыңғыс Әжібаев Қырғызстан азаматына тұрмысқа шыққан, осы елде көп жыл тұрған әйелдің 20-30 жыл бойы азаматтық ала алмай жүргенін мәлімдеді.
"30 жылда балалы-шағалы болды. Ендігі немерелері бар. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүр", – деді Әжібаев.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген ұлты қырғыз әйел Азаттыққа берген сұхбатында Тәжікстаннан көшіп келгенін, бірнеше жыл бұрын өзі және екі баласы қырғыз төлқұжатын алғанын, алайда бюрократиялық кедергілер кесірінен күйеуі азаматтық ала алмағанын айтып берді.
"Баяғыда біздің ауылымыздан келген 10-15 адамға бір кісі төлқұжат алуға көмектескен еді. Жасы алпыстағы әйел кісі төлқұжат алу үшін бәріне ақша беруге тура келгенін айтқан. Кейбіреулер бір жылдан кейін алса, енді бірі 6-8 ай ішінде алған".
Президенттің іс басқармасы жанындағы мемлекеттік "Қызмат" мекемесінің халықты тіркеу департаменті директорының орынбасары Бекзат Ибраимов Азаттыққа берген жауабында қырғыз ұлтының өкілдері үшін азаматтық алу жеңілдетілгенін, соған қарамастан әлі де қиындықтар барын айтты.
"Мәселен, Өзбекстан Республикасының азаматтары, оның ішінде қырғыздар да, басқа ұлт өкілдері де бар, біздің елде біраз жылдан бері тұрады. Олардың төлқұжатының (Өзбекстан құжаты) жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Шетелге шығатын құжаттарының да мерзімі өткен. Ал азаматтық алуға өтініш беру үшін төлқұжат керек. Содан келіп түрлі қиындық туындайды", – деп түсіндірді Ибраимов.
Депутат Емил Токтошев Азаттыққа берген сұхбатында құқық қорғау органдарынан ресейлік онлайн базадан "қырғыз төлқұжатын сататын" алаяқтарды тауып, олардың аты-жөнін жариялауды талап еткенін жеткізді.
"Егер ашықтан-ашық жарнамалап, төлқұжат сатып жүрсе, мұның бекер болмағаны ғой. Олардың мұнда белгілі бір байланыстары бары анық", – деді Токтошев.
Карл Шрек, Құбатбек Айбашов, Құбат Қасымбеков, Антон Баев дайындаған материалға Азат Еуропа/Азаттық радиосының цифрлық зерттеу бөлімінің редакторы Рийн Альяс үлес қосты.