Accessibility links

Астана камералары қырағы бола түспек. Одан қауіп бар ма?


Министрліктер үйіне қойылған бейнебақылау камерасы. Астана қаласы, 24 ақпан, 2025 жыл.
Министрліктер үйіне қойылған бейнебақылау камерасы. Астана қаласы, 24 ақпан, 2025 жыл.

14 ақпанда Астана әкімдігі "Сергек" бақылау жүйесін жаңартуға шетелден инвестор тартқанын мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Presight компаниясы Астана көшелеріне жаңа бейнебақылау камераларын қондырып, видеодеректерді жасанды интеллектімен өңдемек. Тараптарға қандай нақты талаптар қойылары белгісіз, бірақ әкімдік жобаны шетелдік компания толық қаржыландыратынын айтты. Presight бұл келісімнен қандай табыс көретіні де айтылған жоқ.

"Қытаймен байланысқан". Астана көшесіндегі бақылау камераларын араб компаниясы басқармақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:02 0:00

АСТАНАДА НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Ақпанның ортасында Астана қаласы әкімдігі цифрландыру басқармасы басшысы Дидар Сүлейменов жергілікті мәслихат жиынына қатысып, қала аумағында бұған дейін істеген "Сергек" жүйесін жүргізген "Көркем телеком" компаниясымен шарт мерзімі аяқталатынын мәлімдеді. 13 наурыздан бастап Астана көшелеріндегі көлік қоғалысын реттеумен Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Presight атты компания айналыса бастамақ.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, бұған дейін "Сергек" тоқтаусыз істей алмай, жүйеден ақаулар шығып отырған. Видеодеректерді де бір орталыққа жинау біраз уақыт алған. Әкімдік шетелдік компания осы кедергілерді жойып, жасанды интеллектінің көмегімен жаңа шешім ұсынады деді. Нақтырақ айтқанда, әмірліктегі Presight компаниясы жасанды интеллектінің көмегімен көлікті жүргізіп, телефон қолдануды, көлікті белдік тақпай жүргізуді, кептелісті бөгеген көліктерді, екінші жолақтан бұрылғандарды, рұқсат етілмеген жерге тоқтаған және жаяу адамға жол бермеген көлікті анықтайды. Одан бөлек, көшедегі төбелесті, иесіз жүрген иттерді және рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастаған адамды да анықтамақ.

"СЕРГЕК" ДЕГЕН НЕ?

"Сергек" – көшелер мен алаңдарда, қоғамдық орындарда орнатылған камералар арқылы қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын бақылап, саралап, болжап отыратын интеллектуалдық жүйенің жалпы атауы. Оны Sergek group компаниялар тобы басқарады. Ол Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Тараз, Ақтау, Түркістан, Атырау, Талдықорған, Қостанай, Семей қалаларында жұмыс істейді. Ресми сайтында ол "100% қазақстандық өнім, оның бағдарламалық жасақтамасы мен алгоритмдерін қазақстандық IT мамандар әзірлейді" деп жазылған.

Көшеде ілінген "Сергек" камераларының бір шетінде "Dahua" атауы жазылып тұрады. Жазу үлгісі қытайлық компанияның ресми логотибімен бірдей. "Сергек" компаниялар тобы Азаттық сауалына 2024 жылы мамырда берген жауабында қытайлық Dahua-мен серіктестігін жоққа шығарған жоқ. Олардың өнімін, яғни камераларын шикізат ретінде пайдаланатынын айтқан. Компания жеке деректердің үшінші жаққа өтіп кетуіне жол берілмейтінін, қауіпсіздік жоғары деңгейде екенін айтқан.

Қазақстан ішкі істер министрлігі былтыр "Сергек" Қазақстанда заң бұзу оқиғаларын анықтауға жақсы көмектесіп жатыр деген.

Технологиялық шешімдер тізімінде адамның бет-әлпетін тану жүйесі жоқ. Бірақ ол туралы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шартында жазылған болуы да мүмкін.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен жобаны одан әрі дамыту үшін біз Астана қаласының инфрақұрылымын жасанды интеллект негізінде басқару шешімін қарастырдық. Бұл жоба G42 холдингіне кіретін халықаралық Presight компаниясымен бірлесе орындалмақ", – деді Дидар Сүлейменов.

Астана қалалық мәслихатының депутаттары қоғамдық қауіпсіздік мәселесін алға тартып, қалада камерамен бақыланбайтын көше не қуыс қалмауы керек деген. Бірақ олардың ешқайсысы ақпарат қауіпсіздігі мен цифрлық құқық жөнінде бастама көтермеген.

"Қаламыздың шеткі аймақтарында қылмыстық топтар көп, закладчиктер көп. Сондықтан да ерекше көңіл бөліңіз. Маған жазбаша түрде осы жоба іске асса, қанша камера қай жерге орнатылатынын жазбаша түрде беруіңізді сұраймын", – деді мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов.

Мыңдаған камерадан жиналатын видеодерек қорын бақылайтын бір орталық құрылмақ. Астана билігі жаңа шарт қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет дейді.

Астана әкімдігінің мәлімдеуінше, әмірліктегі компания Астана инфрақұрылымына кейінгі 5 жылда 53 миллиард теңге тікелей инвестиция құяды. Жобаға Қазақстан бюджетінен қаражат бөлінбейді. Сосын қосымша 10 мың бейнебақылау камерасын орнатып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін 502 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешенді іске қосады. Сондай-ақ жобаға қазақстандық компаниялар да қатыстырылады. Олар жұмыс ауқымының 60 пайызын иемденеді.

Цифрлық құқық маманы Дана Маликова "қауіпсіздік дегеніңіз таяқтың екі ұшы бар деп қарастыратын мәселе емес" дейді.

"Үкіметтің бұл шешімі оның беделіне, оның ішінде халықаралық қауымдастық алдындағы беделіне де нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі [Қазақстан билігі] тек оффлайнда емес, технологияларды қолдану кезінде де адам құқығын сақтауға келісім берген", – деді Маликова.

G42 ХОЛДИНГІ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Астана әкімдігі келісім жасасқан Presight компаниясы Group 42 деген холдингке қарайды. 2018 жылы құрылған бұл холдинг жасанды интеллектіні экономиканың түрлі секторына қолдануға бейімдеумен айналысады. Штаб-пәтері – Әбу-Дабиде. Негізгі құрылтайшысы – ел әміршісінің інісі әрі оның ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі шейх Тахнун бин Заид.

Холдинг құрамына 7 компания кіреді, олардың бәрі технологиялық шешімдерін жасанды интеллектіге негіздеген. Мысалы, G42 смарт-қаланы тиімді басқару үшін дата орталықтар құрып, денсаулық сақтау жүйесін цифрландырумен айналысады. Одан бөлек, үкіметке және жеке секторға киберқорғау шешімін дайындайды, төтенше жағдайдың алдын алуға негізделген қауіпсіздік жүйесін ұсынады. Сосын жасанды интеллект басқаратын такси қызметін тестілеп, үлкен деректер қорын өңдеп жүр.

Астана қаласы Тәшенов көшесінде тұрған бейнебақылау камералары, 24 ақпан, 2025 жыл.
Астана қаласы Тәшенов көшесінде тұрған бейнебақылау камералары, 24 ақпан, 2025 жыл.

Big Data-ны өңдеумен Presight дейтін құрамдас компаниясы айналысады. Астанаға келіп жатқан – осы компания.

Акционері – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі билеуші отбасына қарасты Royal Group конгломераты. Екі жыл бұрын G42 америкалық Cerebras дейтін стартаптан үлкен деректерді өңдей алатын суперкомпьютерлер сатып алмақ болған. Бірақ бір ай өтпей АҚШ үкіметі "америкалық технологияның Қытайға заңсыз өтіп кету қаупі бар" деп, келісімді болдырмай қояды. Себебі әмірліктегі G42 Пекинмен байланысы бар бірқатар компаниямен де серіктес болған.

ТОҚАЕВ ТЕЛЕФОНЫН ТЫҢДАҒАН PEGASUS-ҚА ҚАТЫСЫ БАР МА?

Санкцияға тап болмас үшін G42 жетекшісі қытайлық Huawei құрылғыларын қолдануды доғаратынын мәлімдеген. Десе де, холдинг әлі күнге дейін TikTok иесі ByteDance компаниясы акционерлерінің бірі. Ал халықаралық қауымдастық алдында беделін қалпына келтіру үшін әмірліктегі холдинг америкалық Microsoft, OpenAI, Dell және Nvidia компанияларымен серіктестік орнатты.

"G42 серіктестік арқылы технологиялық мүмкіндіктерді дамытуға сенеді. Біз әлемдегі түрлі технологиялық компаниялармен ауқымды байланыс орнаттық. Бірақ соңғы оқиғалардан байқап отырғанымыздай, озық технологияларды пайдалану бойынша шектеулер бар. Менің ойымша, америкалық серіктестерімізге әсіресе Қытайдан технологиялық құрылғыларды алуды доғаруымыз маңызды болды" – деді сол кездегі G42 техникалық директоры Кирил Евтимов америкалық CNBC басылымына.

Компанияның басы дауға қалғаны тек бұл кез емес. Араб елдерінде танымал болған ToTok мессенджерін басқарған Пэн Сяо есімді азамат қазір G42 холдингінің бас директоры қызметін атқарады. 2019 жылы америкалық барлау қызметі мессенджерді құруға Қытай инженерлері қатысқанын және қолданушылардың жеке деректеріне әмірліктің барлау қызметі заңсыз қол жеткізгенін мәлімдеген.

Одан бөлек, Пэн Сяо 2017 жылы Huawei компаниясымен бірігіп, әмірліктегі құзырлы органдар қолданатын Pegasus атты бақылау технологиясын құрған. Ал Pegasus кибер барлаумен айналысатын DarkMatter дейтін компанияның меншігі болған. Айта кеткен жөн, бұл компанияның Қазақстандағы белсенділер мен үкіметтегі шенеуніктердің, оның ішінде президент Тоқаевтың телефонын заңсыз тыңдаған израильдік Pegasus платформасына қатысы жоқ.

ЖАЯУ АДАМНЫҢ БЕТ-ӘЛПЕТІН 1 ШАҚЫРЫМНАН ТАНИДЫ

Инвестордың Астанаға нақты қандай жүйені алып келетіні әзірге белгісіз. Цифрлық құқық маманы Дана Маликова үкіметтің бұл шешімі "оның беделіне, оның ішінде халықаралық қауымдастық алдындағы беделіне де нұқсан келтіруі мүмкін" дейді.

"Әрине, үкіметтің бұл деректерді жинау, өңдеу және сақтауы кезінде бізді бұрынғыдан да дәрменсіз жағдайда қалдырмайтынына толық сенімді бола алмаймыз. Халықаралық қауымдастықта беделі нашар компаниялармен қарым-қатынас жүргізу қосымша қауіп төндіреді деп ойлаймын. Себебі бұл компанияның Қытаймен байланысы бар. Ол Қытайдағы азаматтарды бақылау мақсатында бет-әлпетін тануға негізделген жасанды интеллект технологиясын қолданған" – деді Маликова.

New York Times басылымының жазуынша, Presight жаяу адамның бет-әлпетін бір шақырым қашықтан танитын және жеке деректерін шығаратын технологияны сатумен айналысады. Ал Дубай мен Әбу-Даби полициясы қытайлық Hikvision және Huawei компанияларының технологиялық құрылғыларын қолданатынын мәлімдеген. Саясаттанушылар "демократия жоқ қоғамда мұндай барлау құралдары билікті асыра пайдалануға алып келеді" деген.

ҚАУІПСІЗДІК VS. ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕР

G42 Біріккен Араб Әмірліктері үкіметімен бірігіп, ірі қалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Hassantuk дейтін жоба құрған. Ол – төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтауға негізделген смарт-жүйе. Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сенсек, "ақылды" жүйе өрт не қоғамдық ортада адам өміріне қауіп төнгенде оның ауқымы мен мекенжайын небәрі бір секундта құзырлы органдарға жеткізеді.

Инвестордың Астанаға нақты қандай жүйені алып келетіні әзірге белгісіз.

Қазіргі қоғамда ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде адамның бет-әлпетін скандау арқылы оның кім екенін анықтайтын технологиясыз елестету қиын. Қытайда бұл кеңінен жүзеге асырылады. Оңтүстік Корея, Жапония, Тайван және Сингапур да осы технологияның элементтерін пайдаланады.

"Адами фактор технологиядан, әсіресе жасанды интеллектіден туатын мәселенің алдын ала алмайды. Яғни, Қазақстан жасанды интеллект бұзылмас үшін, ол жинайтын деректің үшінші тарапқа өтіп кетпес үшін қандай қауіпсіздік шаралары қабылдамақ? Бұл мәселені құқықтық деңгейде, яғни заңнамада бекіту өте маңызды. Ал содан кейін ғана сол құқық негізінде жұмыс тәртібін дамыту қажет", – деді Дана Маликова.

Бірақ Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заңда ауқымды деректі өңдеу, сақтау және пайдалануға қатысты ереже жоқ. Қажеттілік артқан тұста ондай талап пайда бола ма, жоқ па – белгісіз.

МАҚСАТЫ – АСТАНАДАҒЫ 100 МЫҢ КАМЕРАНЫ БІРІКТІРУ

Азаттық келісімнің жай-жапсарын сұрап 17 ақпанда Астана әкімдігіне, цифрлық даму министрлігіне хат жолдады.

Астана қаласы цифрлық даму басқармасы біз жолдаған 11 сұрақтың көбіне жауап бермеген. Есесіне жобаға қатысты баспасөз релизін жауап ретінде жолдаған.

Азаттық басқармадан Қазақстан азаматтарының видеодеректері қайда жиналатынын және оның шетелге кетпеуіне кім кепіл болатынын сұрады. Одан бөлек "Әмірліктегі G42 холдингінің Қытай компанияларымен байланысы болғаны шарт жасасқанда ескерілді ме?" деген сауал да жауапсыз қалды.

Астана қаласы Мәңгілік ел және Қонаев көшелерінің қиылысындағы бейнебақылау камералары. 24 ақпан. 2025 жыл.
Астана қаласы Мәңгілік ел және Қонаев көшелерінің қиылысындағы бейнебақылау камералары. 24 ақпан. 2025 жыл.

14 ақпанда өткен Астана мәслихатының жиынында жобаны таныстырған Астана қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Дидар Сүлейменов "кейін ақпарат қауіпсіздігін арнайы [құзырлы орган] қызметтері қамтамасыз етеді" деп мәлімдеген. Bes Media басылымының жазуынша, деректердің қауіпсіздігіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметі кепілдік бермек.

"Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні бейнені өңдеу жүйесіне қосып, [Астанадағы] 100 мыңнан астам бейнебақылау камерасын біріктіру арқылы қаланың цифрлық сыңарын құру. Бұл нақты уақыт режимінде болуы ықтимал қауіптерді анықтауға және әрекет етудің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді", – деп жауап берді Астана әкімдігі Азаттықтың ресми сауалына.

ҮЛГІ БОЛҒАН ҚЫТАЙ ЖҮЙЕСІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қыркүйекте Қытайға сапарлап, үлкен қалаларындағы жасанды интеллектіге негізделген қоғамдық бақылау жүйесіне тәнті болғанын айтқан.

"Олар негізгі қалаларының бәрін цифрландырған. Өте терең цифрландырған. Қалай жасағанын түсіндірмей-ақ қояйын. Экранды түртіп қалсаң, адам жайлы бар ақпарат шығады. Қай жылы институт бітірді, бос уақытында қайда барады, қандай несиесі бар, бәрі шығады. Бізге осы бағытта жүру керек. Бұл әлемдік тенденция. Осындай міндетті елордамыздың басшылығына жүктеймін", – деген еді Тоқаев іссапардан қайтқаннан кейін.

Қазақстанға импортталатын бейнебақылау камералардың жартысынан көбі Қытайдан келеді. Елдегі құзырлы органдар мен мемлекеттік мекемелер де, "Сергек" жүйесі де Қытайдың Hikvision және Dahua Technology дейтін компания өнімдерін қолданады. Былтыр қорғаныс министрлігі Азаттыққа видеодеректердің үшінші тарапқа заңсыз өтіп кетуі шектелгенін айтқан.

Былтыр Азаттықтың Украин қызметі қытайлық камералар жазып алған бейнедеректерін шифрланған күйде қытайлық компаниялар иелік ететін не жалға алатын серверлерге жіберетінін анықтаған. Цифрлық құқық маманы жаңа технология азаматтар құқығын шектеу мақсатында да қолданылуы мүмкін деп қауіптенеді.

– Қауіпсіздік дегеніңіз таяқтың екі ұшы бар деп қарастыратын мәселе емес. Қоғам қауіпсіз болады, бірақ жеке деректеріңізді жинаймыз деген әңгіме болмауы тиіс, - деді Дана Маликова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG